{metadescription}
Павлодарда атқылаған ыстық су үлкен коммуналдық апатқа себеп болды
Павлодарда атқылаған ыстық су үлкен коммуналдық апатқа себеп болды

Павлодарда атқылаған ыстық су үлкен коммуналдық апатқа себеп болды

Павлодарда жылу құбыры жарылып, 14 бірдей тұрғын үй сусыз қала жаздады. Таң атпай аспанға атқылаған ыстық су жұртты біраз әбігерге салды. Әйтеуір құдай сақтап, қайнаған суға күйіп қалғандар жоқ. Ал оқиға орнына жеткен мамандар аумақтағы үйлерге берілетін судың қысымын азайтуға мәжбүр болыпты. Өйткені, қарқыны қатты ыстық су осы маңдағы жер үйлердің бірін басып қалған. Қатты аяздың кесірінен баспана түгел мұз құрсауында қалды.

Таңертең жарылған құбыр мен атқылаған ыстық су қала тұрғындарын біраз састырды. Жұмысқа шыққан тұрғындар шошып қалғандарын айтады. Маңайды түгел бу басып, будан түк көрінбей кетіпті. Ал атқақтаған ыстық судың биіктігі 9 қабатты тұрғын үймен тең келген.

Апат орнына жеткен коммуналдық қызмет өкілдері атқылаған ыстық суды ауыздықтау үшін біраз әбірге түсіпті. Ақыры осы аумақта орналасқан 14 бірдей тұрғын үйге берілетін судың қысымын азайтуға тура келген. Ал үйі-жайы қайнаған су астында қалған Евгений Лысенко енді ішке аяқ баса алмай жүр. Саршұнақ аяздың кесірінен оның баспанасы, моншасы мен қоймасы түгел қатып, көк мұзға айналған.

Евгений Лысенко, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Өз үйіме өзім кіре алмай жүрмін. Есіктер қатып қалған. Ыстық су атқылай бастағанда үй маңында жүрген иттер қашып үлгеріпті. Дүние-мүлкім түгел су астында қалды.

Коммуналдық қызмет өкілдерінің ақпаратынша, диаметрі жарты метр болатын жылу құбыры жарылған. Бірақ, апатқа нақты ненің себеп болғаны әзірге белгісіз.

Темір Қасқабаев, Павлодар қаласы ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Жылу құбырындағы жарылыс таңғы жетілерде болған. Қазір оның нақты себебі анықталуда. Салдары да жойылатын болады. Оқиға орнына қажетті техника мен арнайы мамандар жеткізілді. Ешкім сусыз, жылусыз қалған жоқ.

Осылай деген атқамінерлер, дүние-мүлкі бүлініп, көк мұзға оранған отбасына шығынды кімнің және қашан өтейтіні жөнінде әзірге жақ ашпады.

- Үй-күйі ыстық су астында қалып, кейін көк мұзға айналған отбасы болса, қазір шығын көлемін есептеп жатыр. Алдағы уақытта оны жергілікті жылу желілері мекемесінен сот арқылы өндіріп алмақшы. Ал осы маңда орналасқан өзге үйлердің иелері мереке алдында апат тағы қайталана ма деген үреймен отыр.
 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде