Сағынтаев қияр мен қызанақ бағасының негізссіз өскенін айтты
Министрлер арзандатамыз деп уәде еткен коммуналдық тарифтердің құны әлі түспеген. Одан қалды қант пен қызанақ, қияр мен орамжапырақтың бағасы шарықтап кеткен. Бұған ашуланған премьер-министр азық-түліктің өсуіне ешқандай себеп жоқ деп қарамағындағыларына дүрсе қоя берді.
Автор: Ербол Тұрымбет
25.12.2018
Халық көп тұтынатын азық-түліктің ішінде қымбаттағаны қант пен қырыққабат. Шекердің бағасы әсіресе Шымкентте шарықтаған. Бір ай бұрын ғана базарларда 280 теңгеден сатылса, Меркідегі қант зауыты ашылуымен 250-ге әрең түскен.
Ұлбике Балтабаева, сатушы:
- Алдында 260-тан сатқанбыз. 240 өзінің көтерме бағасы солай болған. Былтырғы жылмен салыстырғанда шекердің бағасы көтерілді. Майың шайың болсын, күріңшің болсын – бәрі көтеріліп кетті. Төмен баға жоқ қазір.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағаларын бір қалыпта ұстап тұру үшін әр өңірде арнайы комиссия құрылған. Бірақ, олардың бес тиын пайдасы жоқ. Нарық өз дегенін жасап отыр. Елімізде қырыққабаттың ең қымбат шекті бағасы Атырауда қойылған, 109 теңгеден аспау керек. Бірақ, нарықтағы бағасы одан әлдеқайда жоғары.
Гүлшат Семғалиева, сатушы:
- Капустаны қымбат аламыз. Ресейден келеді. 110-нан келіп тұр. 120 теңгеден сатып жатырмыз. Қалдығы көп, кесеміз, тазалап шығамыз оны.
Баға нарығына жауапты министрлік мәселені мойнынан сыпырып, әкімдіктерге сілтеп отыр. Қарапайым ғана базарда қияр қанша тұратынын білмеуім де сондықтан дейді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Қиярдың бағасын білесіз бе, қанша?
- Білмеймін. Ол біздің құзіретіміз емес, әкімдіктердің құзіреті. Сондықтан, базарға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, соны бағалау керек. Біз тек қана үлкен кәсіпорындарды ғана бақылаймыз.
Азық-түліктің бағасы Үкіметтің бүгінгі бас қайғысы. Бағаның негізсіз өсуіне ешкім тоқтау салар емес. Бұл премьер-министр үшін қарамағындағыларға жекіп алуға бір себеп болды.
Бақытжан Сағынтаев, Премьер-министр:
- Капуста мен қантқа қатысты ғана объективті мәселелер бар. Қалғандарының бәрі негізсіз бағаның өсуі. Сіздер айттыңыздар, қорларыңызда қаржы бар, тұрақтандыру қорында азық-түліктің қоры жеткілікті деп. Ал неге баға өседі? Бақылау жоқ сіздердің тараптарыңыздан. Қазір мына қияр, қызанақ – бәрі кетіп жатыр бағасы шырқырап.
Ең керекті деген ішіп-жем осылай халықтың қалтасына ауырлық салып жатқанда пәтер иелері кооперативі, лифт, қоқыс тасу сынды тұрмыстық қызметтердің тарифі әлі түспеген. Өңір басшылары олардың тарифтерін төмендету туралы жаңа жылға дейін шешім шығару керек.
- Бірақ, бірнеше өңір әкімі әлі шешім шығармаған. Яғни, Президент тапсырмасын орындамай отырсыңдар деді Сағынтаев. Үкімет мүшелері енді сенбі күні, жылдың ең соңғы жұмыс күні жиналып, тариф мәселелерін соңғы рет пысықтамақ. Ал монополистерге сөзін өткізе алмаған әкімдер Елбасы алдында жеке жауап береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!