{metadescription}
Адвокат: Денис Тен тапсырыспен өлтірілген болуы мүмкін
Адвокат: Денис Тен тапсырыспен өлтірілген болуы мүмкін

Адвокат: Денис Тен тапсырыспен өлтірілген болуы мүмкін

Алматыда әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты сот тыңдалымы басталды. Атышулы процесте марқұмның адвокаты мен анасы қыршыннан қиылған жас спортшы тапсырыспен өлтірілген деп санайтынын мәлімдеп, судьядан істі қайта тергеуге жіберуді сұрады. Ал айыпталушыларға қатысты тосын жайттар мәлім болды.

5 айға созылған тергеуден кейін Денис Теннің өліміне қатысты іс ақыры сотта қарала бастады. Қоғамның назарындағы атышулы оқиға бойынша сот тыңдалымына 40-тан астам ақпарат құралының өкілі қатысты.Сот ғимаратына кірудің өзі оңайға соқпады. Тәртіп сақшылары журналистерді жеке-жеке тінтіп, алдын ала тіркелген адамдарды ғана ішке кіргізді.

Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен ұсталған Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева сот басталғаннан бет-жүздерін бүркеумен әлек. Түр-әлпеттері жаппай жұртқа жария болса да, сотталушылар қымсынды ма, әйтеуір судьядан өздерін көрсетуге қарсы болды.

Ал судья көп созбай бірден айыпталушылардан жауап ала бастады. Байқоңыр қаласының тумасы Арман Құдайбергенов үш бап бойынша: «Ұрлық», «Қарақшылық» және «Адам өлтіруге» қатысы бар деп қамауға алынған еді. Алайда, айна ұрлағанын жасырмаған ол қолымды қанға малымадым деп ақталды.

- Қандай да бір талап-тілегіңіз бар ма?

Арман Құдайбергенов:   

- Айыптау актісімен келіспеймін.

Кезек қос бап бойынша айып тағылған Жамбыл облысының тумасы Нұралы Қиясовқа жетті. 39 томға арқау болған істе де дәл осы айыпталушы Олимпиада жүлдегеріне пышақ сұққан деп жазылған. Дегенмен, Қиясовтың адвокаты қанды қылмысқа оның қатысы жоқ деп отыр.

Өзінің істегеніне толық жауап береді. Соны ғана мойындап отыр. Ал тапсырыспен адам өлтіруді мойындап отырған жоқ.

Ал, қылмысты біле тұра, құзырлы орындарға хабарламады деп айыпталған Жанар Толыбаеваның жауабы сот залындағыларды елең еткізді. Құрсағымда алты айлық сәбиім бар деген мұғалім жазасын жеңілдетуін меңзегендей.

Екінші балама жүктімін. Алты жарым ай.

Айыпталушылардың сөздері қара жамылған жәбірленуші тараптың қытығына тиді. Әсіресе, олардың адвокаты Нұрлан Өстеміров талантты спортшы Денис Тенді тапсырыспен өлтіргенін алға тартып, судьядан істің қайта тергеуге жіберуін сұрады. Ол ізін суытып жүрген қаскөйлердің бар екеніне сенімді.

Нұрлан Өстеміров, О.Теннің адвокаты:

Бұл істе қарама-қайшылықтар өте көп. Неге Қиясов пен Құдайбергенов кінәні бір-біріне сілтеумен болды. Спортшының артынан келген Қиясов пышақты санына қалай сұқты. Бұл жерде әккі қылмыскер бар. Видеода тағы бір адамның қашқанын аңғаруға болады. Қылмыстың тапсырыспен жасалғаны сөзсіз. 

Судья адвокаттың өтінішін қабылдаған жоқ. Бір қызығы, Денис Тен мен ұрылар арасындағы жанжал уақытында сол маңда болған екі тәртіп сақшысы да бұл істе бар екен. Олар неге араша түсе алмаған? Бұл сұрақтың жауабын куәгер ретінде сотқа қатысатын полиция қызметкерлерінің өздерінен сұрап білеміз. Келесі сот отырысы 3 қаңтарға белгіленген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.