Елімізде төртінші мұнай өңдеу зауыты ақыры салынбайтын болды
2030 жылға дейін ішкі нарықты жарылқай аламыз деген Энергетика министрі, жаңа жылдан бастап жанармай экспорты артатынын айтып отыр. Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев қазақстандық дизель отынының сапасына сын келтірген жүргізушілерге де жауап берді.
Автор: Досжан Маратұлы
26.12.2018
Жанармай тапшылығынан көз ашпай, талай рет сөз естіген Энергетика министрі жыл басында төртінші мұнай өңдеу зауыты салынатынын айтқан еді. Бензин, дизель тіпті керосинге дейін шығарады делінген кәсіпорынның қашан және қайда салынатыны күзде белгілі болуы керек болған. Бірақ, бұған қатысты осыған дейін сөз қозғамаған Бозымбаев, бүгін аяқасты төртінші зауыттың салынбайтынын мәлімдеді.
Қанат Бозымбаев, Энергетика министрі:
-Үш мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудан өткелі өндіріс артты. Ішкі нарықты 2030 жылға дейін жанармаймен толықтай қамтамасыз ете аламыз. Оның үстіне елімізде газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан меніңше, әзірге тағы бір зауыт салудың керегі жоқ.
Яғни, қазір бензин артығымен өндіріліп тіпті қоймаларда толып тұр. Сондықтан төртінші өндіріс орнын салуды шегере тұрып, экспортты арттыру қажет дейді министр. Қазақстандық бензиннің алғашқы партиясы ақпан айында Қырғызстанға жеткізілмек. Кейін, Армения мен Беларуське жөнелту жоспарда бар. Тіпті, Еуразиялық одаққа кірмейтін елдер де жанармаймызға көз тігіп отыр. Бірақ, ол үшін бірнеше құжатты мақұлдау керек дейді Бозымбаев.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
-Келісімшартты ратификациялау жұмыстарын қаңтар, ақпан айларында бітірсек, онда наурыз айынан Өзбекстанға, Тәжікстанға және Ауғанстанға бензинді экспорттауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Энергетика министрі отандық солярканы аязда қатып қалады деп жамандаған жүргізушілерге де жауап берді. Айтуынша, бұлай болуы мүмкін емес. Өйткені, Атыраудағы зауыт шығаратын дизель -37 градуста қатпайды екен.
-Солярканың сапасына шаң жуытпаған Бозымбаев биыл елімізде 90 миллион тонна мұнай өндірілді дейді. Бұл көрсеткіш алдағы жылы әлдеқайда азаймақ. Өйткені, қара алтынның құнын көтеру үшін ОПЕККЕ мүше елдер өндірісті азайтуға келіскені белгілі. Оның үстіне, 2019-да Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз секілді ірі кен орнындары жөндеу жұмыстарына жабылмақ. Осы аралықта ішкі нарық қоймада жиналған өнімдермен қамтылмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!