{metadescription}
Алматы облысында жалғызбасты ана балаларымен гаражда тұрып жатыр
Алматы облысында жалғызбасты ана балаларымен гаражда тұрып жатыр

Алматы облысында жалғызбасты ана балаларымен гаражда тұрып жатыр

Баспанасынан айырылғаны үшін көршісін кінәлайды! Алматы облысында жалғызбасты ана балаларымен гаражда тұрып жатыр. Олардың үйі былтыр өртеніп кетіпті. Әйелдің айтуынша, көршінің пешінен тұтанған өрт баспанасын жарамсыз еткен көрінеді. Бірақ оны бір жылдан бері дәлелдей алмай жүр. Көршісі көшіп кеткен, ал науқас балаларымен далада қалған келіншек не істерін білмей дал.

Түн ортасында тұтанған өрт лезде күш алып, қамыс пен ағаштан тұрғызылған үй көзді ашып-жұмғанша қирап қалған. Татьяна Патанина бала-шағасын ғана сыртқа шығарып үлгеріпті. Келіншек далада қалуымызға көршіміз кінәлі дейді.

Татьяна Патанина:

- От көршінің пешінен шыққан. Бірақ көршім ертесіне-ақ  қанқасы қалған пешті талқандап алып кетті. Үй өртенгенде іш киіммен далаға қашып шықтық. Кейін адамдар келіп бізге киім берді. Екі қызымның аяғынан суық өтіп, он бірінші сыныпта оқитын қызымның бүйрегі іріңдеген.

Өрттің қалай басталғанын үй иелері видеоға түсіріп алыпты. Қара түтін будақтап, артынша оттың ұшқыны көрінеді. Тілсіз жаумен бүкіл ауыл болып арпалысқан.

Ақмарал Несіпбай:

- Жап жарық боп жанып жатыр сол жарықтан тұрдық қой. Адамдар қаптап тұр. Шықсақ жанып біткен. Шлангімен өшірді, бірақ өшіре алмады ғой. Көрші үйден басталған.

Қиын жағдайға тап болған отбасыға ауыл тұрғындары 170 мыңдай ақша жинап, жергілікті билік уақытша тұратын үй тауып беріпті. Ал қазір олар гаражды паналауда. Татьянаның төрт баласы бар. Кішісі  тоғызда. Әйел несие алып, өз күшімен үйдің екінші қабатын салған екен. Қазір тапқан табысын сол қарызды төлеуге жұмсайды. Ал көршісі кінәсін мойындар емес. Сотқа берсе де нәтиже болмай тұр. 

Татьяна Патанина:

- Олар өздеріне екі рет адвокат жалдады. Менің өзімді кінәлі қылғысы келеді. Сот қайта қайта кейінге шегеріле береді.

Татьяна Патанина соттың әділ шешім шығарып, өзінің жаңа үй салатынына әлі де сенеді. Ал әзірге олардың жаңа жылды шағын лашықта қарсы алуына тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде