Маңғыстауда көз жұмған жүкті әйелдің туыстары марқұмның денесіне пышақ тигізуге қарсы шыққан
Ақ халаттылардан көріп отыр! Маңғыстау облысының перзентханасында көз жұмған жүкті әйелдің туыстары бұл жағдайға дәрігерлерді кінәлайды. Дегенмен, қайғыдан қан жұтқан марқұмның жақындары Кәмшат Жапарованың өлі денесіне пышақ тигізуден бас тартып, денесін туған өлкесіне алып кеткен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
27.12.2018
Мәриаш Абдуллаева, К.Жапарованың енесі:
- Бірінші бөпесі еді. Ешкім қарамаған. Сенделіп жүре берген. Әйтпесе, Кәмшатым көз алдымда жүрер еді.
Ал жағдайы күрт нашарлаған 27 жастағы Кәмшат Жапарова құрсағындағы жеті айлық сәбиімен Жаңаөзен қаласынан облыстық перзентханаға жеткізіліпті. Дәрігерлер келіншектің жүрегінде ақау барын анықтайды. Кейін туыстары жағдайын білуге келгенде келіншектің кенеттен жүрегі ұстап, ақ халаттылар оның өмірін арашалап қала алмаған. Ал перинаталдық орталықтың қызметкерлері мәйітсіз өлімнің нақты себебін анықтай алмаймыз деп отыр. Тіпті, дәрігерлер марқұмның туыстары қоқаң-лоққы көрсетті деп прокуратураға арыз жазыпты.
Жамал Жаманбаева, Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының директоры:
-30-40 адам болды. Күзетші мен дәрігерлерді ұрып, жанжал шығарды. Мәйітті айғай-шумен алып кетті. Өлімнің себебін анықтау үшін сараптама жасауымыз қажет. Дәрігердің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін денені ашу керек. Түсінемін. Оңай емес. Бірақ бұл әрекеттері ақылға қонбайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!