Теңге қайта құлдырай бастады
Бүгін Қазақстан қор биржасындағы 1 доллардың орташа бағамы 380 теңге тең болды. Осылайша төл ақшамыз бір тәулік ішінде шамамен 6 теңгеге құнсызданып шыға келді. Ұлттық банк белгілеген доллардың бүгінгі курсы 375 теңге болғанымен, ақша айырбастау орындарында доллардың құны 382 теңге төңірегінде саудалануда.
Автор: Әйгерім Шакаманова
28.12.2018
Жалпы, жыл басында бас банк доллар бағамын 332 теңге етіп бекіткен болатын. Биылдыққа АҚШ валютасының ең төменгі бағасы көктемде – 318 теңге деңгейінде тіркелді. Ал ең жоғарғы көрсеткіш қыркүйектің 11-інде 1 доллар – 383 теңгеден сатылған еді. Соңғы кезде елімізде доллардан бас тарту мәселесі жиі көтеріліп жүргенімен, көк қағазды сатып алатындардың қатары көбеймесе, азаймапты. Ал сарапшылардың айтуынша, сан құбылған теңге бағамының қайта шарықтамауына еш кепілдік жоқ. Олар ішкі нарық толық дамымайынша, төл теңгеміздің әлсіреуі тоқтамайды деп санайды.
Азамат Қағибатұлы, экономист:
-Бұл құлдырауды тоқтатудың бір ғана факторы – елде ұлттық ішкі өндіріс өнеркәсіпті жедел дамыту керек. Осындай жағдайда елдің ішкі нарығындағы сұранысты толықтай өз тауарымен қамтамасыз еткен ел өзінің ақшасының құнсыздануын тоқтатып, тіпті анау шетелдік валюталармен ешқандай есеп айырысудан бас тартуға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!