Алматыда ұлын өлімші етіп сабады деп айыпталған азамат сотта басқаша сөйледі
Ұлына қол көтермеген көрінеді! Алматыда 4 жасар баласын өлімші етіп сабады деп айыпталған Мұрат Асқароғлы сотта кінәсіз екенін алға тартты. Ішімдікті аузыма алып көрмегенін айтып ағынан жарылған ол тергеушілер күшпен мойындатты деп басқаша сайрады. Ал судья қылмыстық баптың өзгергенін алға тартып, істі қайта тергеуге жіберіп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.12.2018
Туған ұлын таспен ұрды деп айыпталған Мұрат Асқароғлы алғашқы сот отырысында ағынан жарылды. Бауыр еті балама қиянат жасамадым деген сотталушы «сүттен ақ, судан тазамын» дейді. Тіпті, бүлдіршіндерімді сағындым деп қамқор әкенің кейпін танытты. Айтуынша, тергеушілер күштеп кінәні мойындатыпты-мыс.
Мұрат Асқароғлы, айыпталушы:
-Балам мені күнде сұрайды екен. Егер мен қол көтерген болсам, ұлым іздемейді ғой. Мен сол күні жұмыста болдым. Ішкен жоқпын. Әріптестерім сөзімді растайды. Ал кінәні тәртіп сақшылары мойындатты. Қайғырып жүрген кезімді пайдаланып құжатқа қол қойғызды.
Ал айыпталушының адвокаты Нұрлан Өстеміров сабаққа дайындалып келмеген оқушыдай. Ол істің қылмыстық бабы ауыстырылғанын естімедім деп аң-таң. Сондықтан судьядан дайындалуға тағы уақыт сұрады.
Нұрлан Өстеміров, М. Асқароғлының адвокаты:
- Қылмыстық іспен танысу үшін уақыт керек. Менің қорғауымдағы адам кінәсіз. Ол психдинспансердің тіркеуінде жоқ. Құдайға сенеді. Ішімдік ішпейді. Психологтарға баланың өзі көлік қақты деп айтқан.Дене жарақаттары жол апатына келеді.
Осыған дейін «денсаулыққа қасақана зиян келтірді» деген күдікке ілінген Мұрат Асқароғлыға енді «адам өлтіруге ұмтылды» деген ауыр айып тағылып отыр. Сондықтан судья елді дүрліктірген істі қайта тергеуге жіберді.
Еркін Майшинов, судья:
-Қылмыстық іс материалдарымен таныса келе тергеу жұмыстарының қылмыстық процессуалды бұзу тәртібі анықталды. Бұл олқылықтарды сот қалпына келтіре алмайды. Осыған байланысты сот істі прокурорға қайта қарауға бағыттайды.
Ал ұзақ уақыт ауруханада жатқан 4 жасар Мұхаммедтің қазір денсаулығы жақсы. Ол психологтардың бақылауында. Тергеушілердің мәліметінше, мас болған күдікті баласының қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрған. Енді істің ақ-қарасын сот шешеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!