Павлодарда жаңа жыл түні пәтері отқа оранған отбасы жұрттан көмек сұрады
1-ші қаңтар түнгі екілер шамасында тұтанған өртте 66 жастағы зейнеткер 7 жасар немересімен қоса мерт болды. Ал ыстан уланған әйелі ауруханада жатыр. Болжам бойынша, от темекі тұқылынан тұтанған. Үй-күйі мен құжаттары түгел күлге айналған отбасы енді қол ұшын беретін жандардың табыларына үміттенеді.
Автор: Әйгерім Шакаманова
03.01.2019
Тура жаңа жыл түні отқа оранған төрт бөлмелі пәтердің есігі тарс жабық. Үй алдында көз жұмған жеткіншектің бас киімінен басқа ештеңе жоқ. 2019 жылдың екінші сағатында шыққан өрттен, пәтерде болған 66 жастағы ер адам 7 жасар немересімен бірге тірідей жанып кетті. Ал ыстан уланған егде әйелді көршілері сыртқа алып шығыпты.
Болат Рамазанов, оқиға куәгері:
- Ұлым екеуі жүгіріп барып, есікті сындырып кіргенде апай мен қызды тауып алыпты. Кішкентай қыз тұншығып өлген. Ұлы күзетте болған білмейді, келіні мен немересі болды.
Өрт сөндірушілердің айтуынша, қызыл жалын 12 шаршы метр аумақты шарпып үлгіріпті. Құтқарушыларға көп қабатты үйдің өзге тұрғындарын да қауіпсіз жерге шығаруға тура келген.
Тілекжан Ғалямов, Павлодар облысы ТЖД басқармасының бас маманы:
- Өрт сөндіруге арнайы 3 техника жұмылдырылды. 50 адам эвакуацияланды, оның ішінде 9 бала.Өрттің алдын ала болжамы бойынша, өрттің шығу себебі – адамдардың отпен абайсыз қолдануы, темекі шекккен.
Ал, ыстан уланған кейуана қазіргі таңда ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынща, ол өздігінен тыныстай алмай жатыр.
Александр Комков , токсиколог:
- Бірінші қаңтарда түскен әйелдің қазіргі жағдайы ауыр. Ыстан қатты уланғандықтан жасанды вентиляциямен тыныс алып жатыр. Тыныс жолдарын күйік шалған. Жағдайын бақылап жатырмыз.
Ал куәгерлердің сөзіне сенсек, отбасыының келіні, яғни, көз жұмған 7 жасар Аружанның анасы өрт басталған сәтте үйде болған. Бірақ, оған дәрігерлердің көмегі қажет болмағанға ұқсайды. Ал қыздың әкесі сол түні жұмыста болыпты.
Жаңа жыл түні екі бірдей адамнан айырылып қалған Шерубаевтар әулетіне қазір жергілікті еріктілер арнайы шот ашып, ақшалай көмек көрсетпекші. Өйткені, пәтер ішінде болған дүние-мүлік пен құжаттар түгел күлге айналған екен. Сондықтан қаралы отбасы жомарт жандардан жиналар жылуға үміт артып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!