Магнитогорскіде қаза тапқандардың саны ұлғая түсті
Ресейдің Магнитогорск қаласындағы жантүршігерлік жарылыста қаза тапқандардың саны 38 адамға жетті. Іс-түссіз жоғалған әлі 4 адам іздестіріліп жатыр. Мәліметтерге қарағанда, олардың тірі болуы әбден мүмкін. Осы қайғылы оқиғаға байланысты президент Нұрсұлтан Назарбаев әріптесі Путинге және бүкіл Ресей халқына қайғырып көңіл айтты.
Автор: Аруна Ортай
03.01.2019
Бүгін құтқарушылар қиратындылардың астынан бірнеше тұрғынның мәйітін алып шықты. Қаза тапқандардың алтауы -бала. Ал осынау апаттан аман қалған 6 адам ауруханада, аса ауыр халде жатыр. Қирандыларды аршу жұмыстары әлі де тоқтаусыз жүріп жатыр. Құтқарушылар кесек-кесек бетондарды техникамен емес, қолмен тазалуда. Өйткені, тірі қалғандар болуы мүмкін. Мәліметтерге қарағанда, 9 қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерлерде газ жарылған. Салдарынан, бүтін бір подьезд опырылып түсті. Барлығы 48 пәтер тас-талқан болған. Оларда 110 адам тіркелген көрінеді. Десе де, оқиға түні үйде нақты қанша адамның болғаны белгісіз. Естеріңізге салайық, жантүршігерлік жарылыс Жаңа жыл түні, яғни 31-желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша таңғы төрттер шамасында болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!