Ақтау әуежайында оқыс оқиға болды
Ақтау әуежайында 60 жолаушы мен қызметкерлері қауіпсіз жерге көшірілді. Оған коммуникация желілері жатқан құдықтан шыға бастаған түтін себеп болыпты. Перондағы ыс иісі лезде әуежай ғимаратын түгел алып кеткенімен, ешкім зардап шекпеді. Бірақ, бұл жайт жолаушыларға біраз қолайсыздық тудырған.
Автор: Жанар Низамутдинова
03.01.2019
Илья Журавлев:
- Қанша ұшып-қонып жүрсем де мынадай жайтты көрмеген екенмін. Балалы адамдар көп болды, заттарымызды жеткізіп берсе болар еді, ұшақтан өзіміз алуға мәжбүр болдық ақыр аяғында. Әуежай әкімшілігінің жолаушыларға қамқорлық танытпағаны жарамады.
Түтін коммуникация желілеріндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан болып шықты. Бықсыған жерді әуежайдың өрт сөндіру қызметі өшіріп, терминалдағы электр желісін де бірден ажыратып тастады. Соның кесірінен, жолаушыларды рейстерге тіркеу жазбаша түрде жүргізілді. Бірақ, заттарды тексеретін құрылғы әдеттегідей жұмыс істеп тұрыпты. Сондай-ақ ұшақтардың қону-ұшу кестесіне де біршама өзгеріс енген. Бірақ, әкімшілік мұны болған жайтпен емес, тұманмен байланыстырып отыр. Әуежай жұмысын тиісті мамандар бүгін қалпына келтіруге тырысып жатыр дейді әуежай өкілдері.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!