Атырауда облыстық білім беру басқармасының басшылары ұсталды
Облыстың бас ұстазы Қайырғали Кенжеғалиев пен оның орынбасары Роза Қабдулова пара алды деген күдікке ілініп отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
03.01.2019
Бұл екеуін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері жаңа жыл қарсаңында ұстаған. Қолда бар ақпаратқа қарағанда, екеуінің де жұмыс істеген техникасы мен құжаттар тәркіленіп, кабинеттері мөрленген. Тергеу ақпаратынша, мемлекеттік сату-сатып алу келісімшарттарын тездетіп жасау үшін мердігер компаниялардың өкілдерінен аса ірі, яғни, 10 миллион теңге көлемінде пара алған көрінеді. 45 жастағы Кенжеғалиев бұл қызметке өткен жылдың желтоқсан айында тағайындалған болатын. Осы оқиғадан кейін облыс басшылығы жиналыс өткізіп, мемлекеттік қызметшілердің атақ-абыройына нұқсан келтірген қос лауазымды тұлғаның ісіне қатысты пікір білдіріп, өзгелерге қатаң ескерту жасады.
Серік Шәпкенов, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
- Әріптестеріміздің осындай жағдайға ұрынуы біз үшін жақсы емес. Қазір арнайы тексеру комиссиясымен аудитті шақыртқызып отырмын. Басқарманы түгел тексереміз. Егер өрескел заң бұзушылықтар болса, онда ренжімеңіздер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!