Семей шаһары мерекеден кейін күл-қоқыстың астында қалды
Әсіресе, көпқабатты үйлердің ауласында жиналған тұрмыстық қалдықтардан аяқ алып жүру қиын. Бұған тазалыққа қарайтын жекеменшік мекемелердің салақтығы себеп болған көрінеді. Жергілікті биліктің айтуынша, олар қоқыс сұрыптайтын зауытпен уақытында келісім-шарт жасамаған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
04.01.2019
Қаладағы тұрмыстық қалдықтар бір аптадан бері шығарылмаған. Соның салдарынан қоқыс жәшіктері лық толып, үйіліп тұр. Ал, тазалыққа қарайтын бақандай бес мекеме әлі күнге дейін қоқыс сұрыптайтын зауытпен келісімге келе алмапты. Себебі, экологиялық заң талаптарын орындауға құлықсыз көрінеді.
Қазіргі уақытта сұрыпталмаған қоқысты полигонға кіргізуге тиым салынған. Сондықтан да, заң талабын бұзып, ірі көлемде айыппұл арқалағым келмейді дейді полигон басшылары. Ал, мұны қаладан қоқыс жинап әкелетін мекемедегілер түсінбейді деп ашулы.
Рафаиль Хазипов, кәсіпкер:
-Олар мені жау көреді. Бәріміз бір бизнесте жүргеннен кейін, бір-бірімізге жау емеспіз ғой. Мен оларға қалдықтарды сұрыптап беруге міндетті сияқтымын. Тағыда айтам, мұны қаласам істеймін, қаламасам оған ешкім мені міндеттей алмайды.
Ал бұл мәселеге жергілікті билік араласа алмайтындарын айтады. Өйткені, барлығы жекенің қолында болғандықтан, олар өзара келісімге келу керек. Әйтсе де, үйілген қалдықты көрген шенеуніктер оны бір жолға өздері тазартуға шешім шығарды. Ол үшін, жергілікті коммуналдық мекеменің қарамағындағы техника жұмылдырылмақ. Бірақ, оған шыққан шығынды жұрт қалтасынан төлейді.
Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:
-Коммуналдық мекеме мамандары үйлерді аралайтын болады. Олар жұртқа тұрмыстық қалдықтардың не себепті уақытылы шығарылмай жатқанын түсіндіруі керек. Сонымен қатар, басқа мекеменің қызмет көрсеткен күндеріне қосымша ақша төлейтіндерін ескертеді.
Осылайша халықтың қалтасына қол саламыз дегендер, барлық қаладағы қалдықты бас-аяғы екі-үш күнде толық тазартуға ант су ішті. Тәулік бойы ауысыммен жұмыс жүргізбек ниетте. Ал, қоқыс бизнесін қолға алғандар оған дейін өзара келісімшарт жасап үлгіруі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!