Өскемендегі жетімдерді тәрбиелейтін мекеменің жиналысы жанжалмен аяқталды
Бас есепші кассада 15 миллион теңге жетіспейтінін жайып салған. Салдарынан, 160 қызметкер жалақысыз қалды. Есепшінің айтуынша, жымысқы әрекетті жүзеге асырып, ақшаны басып қалуға директордың өзі тікелей түрткі болған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
04.01.2019
Ашынған есепшінің жанайқайын жайып салған видеосы әлеуметтік желіде желдей есті. Жаңа жылдың алдында жалақысыз жаны қысылған жұмысшылар бас есепшінің бұлайша бұлдануына директордың оны ақша ұрладың деп айыптағаны себеп болған дейді.
Гүлнәр Тынымбаева, Балалар үйінің дәрігері:
- Шотта ақша жоқ, бухгалтердің қайда жібергені белгісіз деді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығына ескертілгенін айтты. Ол жиналыс ашып, бізге түсініктеме берді.
Айыптың жебесі тиген директор әзірге ләм-мим деп артық тіс жармады. Бар берген ақпараты ол бас есепшінің атына арызданған.
Гүлнәр Даниярова Балалар үйінің директоры:
- Құқық қорғау органына келдім. Бәрін жазып бердім. Енді сол кісілер бәрін тексеру керек. Содан кейін шешімі бойынша ғана айта аламыз.
Жағдайды жергілікті атқамінерлер бақылауына алған. Ақша ұрланғанмен, мұндағы балалар аш қалмайды деп сендіріп отыр.
Марат Шоранов, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Бұл жөнінде толық ақпаратты тергеу біткен соң айтамыз.
Балалар үйіндегілер бас есепшінің жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат таратты. Ал, шаш-етектен шығынға батқан ақшаның орны қалай толады, кім жауап беретіні әзірге белгісіз. Денсаулық сақтау басқармасындағылар қаңтардың аяғына дейін қызметкерлерге жалақысы беріледі деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!