Қоғамдық даму министрлігінің комитет төрағасы ұсталды
Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро жыл басталмай жатып ірі тұтқындауларға кірісіп кетті. Бір комитет төрағасы мен полиция қызметкерлері, салық органдарының өкілдері мен медициналық мекенің бас дәрігері, тағы бірқатар мемлекеттік қызметкердің қолына кісен салынды. Барлығы да пара алған, ақша жымқырған, қызметін асыра пайдаланған деген күдікке ілініп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
04.01.2019
Қоғамдық даму министрлігі бүгін ресми мәлімдеме жасады. Яғни, Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Жанаханов пара алу дерегі бойынша ұсталғанын растап берді. Ол бір басқармасы басшысының жәрдемдесуімен комитетке бағынышты ұйымға жалпы қамқорлық жасап, қосымша қаржыландыру үшін 1 миллион 900 мың теңге көлемінде пара алды деп күдікке ілігіп отыр.
Мына видеода сол комитеттің экономика және қаржы басқармасы директорының ісі әшкереленіп жатыр. Бүктелген қағаздың ішінен шыққан өңкей 5-10 мыңдық купюраларға уыс толады. Пара алуға көмектескені үшін енді ол да күдіктілер қатарына қосылды. Қарамағындағыларға қамқорлық жасағыштардың бірі Алматы қаласының Мамандандырылған күзет қызметі болып шықты. Кең үстелге симай жатқан 24 900 доллардан параның исі мүңкіп тұр.
Арман Бердалин, МҚІСЖҚА жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры:
-ҚР ІІМ Алматы қаласының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сотпен басқарма бастығы, батальон командирі және оның орынбасарлары қамауға алынды.
Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Велоспорт бойынша даярлау орталығының басшысы ойдан шығарылған қызметкерлеріне жалақы жаздырып, ол ол ма, заңсыз түрде үстеме сыйақыларды төлетіп, оның бәрін қалтаға басты деген күдікке алыныпты. Ол да тергеуде.
Желтоқсанның 21-інде Қостанай облысы Жітіқара қалалық және Жітіқара аудандық полиция бөлімінің бастығы мен осы бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы бірігіп 1,5 миллион теңге пара алып жатқан жерінде қолға түскен. Сонымен қатар, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері мен орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Екеуі қосылып ап жекеменшік кәсіпорынның директорынан кедергісіз қабылдау және жеткізілген медициналық препараттардың ақшасын уақытылы төлеу үшін мына жайылып жатқан 4 жарым миллион теңгені пара ретінде алды деген күдік бар.
Ал мынау Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы мен орынбасары және соларға қарасты тағы бір мекеме басшысы үшеуінің бюджет қаражатын жымқырды деген сәті. Кей дереккөздер мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасау үшін 10 миллион теңге пара алды деген ақпар таратты. Барлық ұсталған шенеуніктер мен қызметкерлер қамау немесе үйқамаққа алынып, тергеліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!