Денис Тен ісі: Күдікті Толыбаеваның құрбысынан сотта жауап алынды
Бүгін мәнерлеп сырғанушы Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысында оқиға орнына алғаш боп жеткен тәртіп сақшылары куәлік ете бастады. Қылмыстан кейін куәгерлерден жауап алған полицейлер судьяға мән-жайды баяндап, қансыраған спортшыға көмек көрсеткендерін жеткізді. Сондай-ақ, Денис Тен мен ұрылардың жанжалын өз көзімен көрген куәгер мен күдікті Жанар Толыбаевамен бір пәтерде тұрған жақын құрбысы да сотқа шақырылды.
08.01.2019
Тәртіп сақшысы Ердос Еркінбектің судьяға берген жауабы құдды бір экшн-киноның оқиға желісіндей. Ол қылмысты естіп,зулап оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді. Жол-жөнекей қаскөйлердің артынан жүгірген ювеналдық полиция инспекторын жолықтырып, ұрылардың қашқан бағыты мен киінген киімін рация арқылы таратады. Соның арасында куәгерлерден жауап алып, қаңсыраған спортшыға медициналық көмек те көрсетіпті.
-Абылайхан көшесінде талдар көп. Нарядттың барлығын сол жаққа жібердім. Екі рациямен айтып, бір жағынан телефонмен жедел-жәрдемді тездеттім. Көмек көрсетіп, аяғын байладым.
Ар жағында айна, мына жағында сөмке жатты. Күдіктілер Толыбаева, Қиясов пен Құдайбергеновпен бір пәтерде тұрған Жайна Ізтілеуова жанымдағы аралас-құралас адамдардың қылмысқа қатысы барын білмедім деп сотта шыр-пыр болды. Айтуынша, 19 шілде күні ақша іздеуге кеткен үшеуі үйге көңілсіз оралған. Тіпті, Қиясовтың киімінен қан іздерін көріпті. Кешкісін барлығымыз Қапшағайға барып, көңіл көтердік дейді Толыбаеваның құрбысы.
-Сол күні 11-лерге таман Қапшағайға кеттік. Мен барып, ұйықтап қалдым. Олар өздері демалды. Барлығының түрлері бұзылып жүрді. Арманның да Нұралының да. Мен ештеңке сұрамадым. Олардың Денистің өліміне қатысы барын полицейлер келіп, Нұралыны тұтқындаған сәтте бір-ақ білдім.
Ал жәбірленуші тараптың астаналық полицейлерге өкпесі қара қазандай. Сондықтан адвокат Нұрлан Өстеміров мәнерлен сырғанаушының қазасынан бір апта бұрын айна ұрлығымен ұсталған Арман Құдайбергеновты босата салған елордалық тәртіп сақшылары мен тергеушілерге шағым түсірді.
Нұрлан Өстеміров, адвокат:
-Олар өз жұмыстарын дұрыс атқарғанда, Денис Тен тірі болар ма еді. Мәселен, орган қызметкерлері туралы 61 және 63 бапты оқып қарасақ, олардың заңға қайшы әрекет еткенін байқауға болады. Құдайбергенов заң бойынша 19 шілдеде Астанада болуы тиіс еді. Бұл жерде прокурор мен тергеушінің де қателігі бар.
Сондай-ақ, сотқа қайғылы оқиғаны өз көзімен көрген куәгер де шақыртылды. Ол мәнерлеп сырғанаушы пен қарақшылар арасындағы жанжалды көргенде жігіттер ойнап төбелесіп жатыр деп ойлапты. Кейін тәртіп сақшыларының бір адамдарды қуа жөнелгенін байқағанда ғана бір нәрсе болғанын түсініп, жедел-жәрдем шақыртқан. Алайда, куәгер қаскөйлердің түр-әлпеттерін дұрыс көре алмадым деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!