Алматы облысында ұрланған малды иесіне қайтару үлкен дауға ұласты
Мал ұрлығымен айналысты деген күдікпен 5 адам ұсталды. Алматы облысында қолға түскен қылмыстық топ тұрғындарды талай жылдан бері қан қақсатып келген. Сақшыларға бірін-бірі ұстап берген олар небәрі үш айдың ішінде 312 бас қойды жоқ қылғанын мойындады. Күдіктілер ұсталғанымен, ұрланған малды иесіне қайтарып беру қиынға соғып отыр. Өйткені соларды сатып алды делінген азамат түлікті қайтарудан үзілді-кесілді бас тартты. Осылайша, табылған мал үшін тартыстың соңы қып-қызыл жанжалға ұласты.
Автор: Аруна Ортай
09.01.2019
Серік Мырзахановқа «ұрланған малың табылды» деп полицейлердің өздері сүйінші сұрап хабарласқан. Ұсталған ұрылар оның 47 қойы мен 17 ешкісін сатып алған кісіні де көрсетіпті. Алайда оның ұрлықы малды оңайлықпен қайтарғысы жоқ.
Серік Мырзаханов, Әли ауылының тұрғыны:
- Менің малым десем, соның өзінде бермей жатыр. Олардың айтуы бойынша, базардан сатып алдым дейді. Менің малымды базардан сатып алған шығар, ал мына 12 адамның малын да базардан сатып алған ба?
Ал ұсталған бесеу - кәдуілгі қылмыстық топ мүшелері. Қапшағайдан бастап, Жетіген, Әли, Төңкеріс дейсіз бе, бірнеше аудандағы ауылдардың жұртын зар қақсатқан. Жастары 38-ден 25-ке дейінгі тепсе, темір үзер жігіттер небәрі 3 айдың ішінде 312 бас қойды алып кеткен. Онысын өздері мойындады.
Серік Үпиев, Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі:
- Аталған күдіктілердің барлығы қазіргі таңда қамаққа алынды. Күдіктілердің басқа да облыс аумағында орын алған мал ұрлығына қатысы бары қазіргі таңда анықталуда.
Күдіктілердің ұсталғаны да қызық. Қарақшылар қолға түспейтін де еді, егер көлік құжаты болмаса. Кезекті түнгі шабуыл кезінде ұрылардың бірі ұрлық орнында үлкен дәретке отырып, қағаз орнына құжат қолданыпты. Ал ұрлықы малды сатып алған азамат қойларға иелік етіп, жайбарақат бағып отыр. Мұны көріп, шамданған жұрт құзырлы орган өкілдеріне тап берді.
- Таң атқалы бері тұрмыз. Далада жатқан мал емеспіз. Бар малымызды ала алмай тұрмыз.
Тек адамдардың айқайынан кейін құзырлы орган өкілдері аяқасты қаулы шығарып, ұрланған малдың артынан барды. Алайда мұнда күдіктілерді желкелеп әкелсе де, әлгі азамат бет бақтырмай тұрып алды.
- Кетіңдер, шығыңдар!
- Ал сіздің үйіңізден қалай табылып отыр ұрланған мал?
- Кет деймін! Жап есікті.
- Алматы облысында бірнеше ауылдан ұрланған мал Ақбастау ауылындағы міне мынау бір үйден табылып отыр. Қазірдің өзінде 6 шаруа ені мен таңбасы арқылы өз қойларын таныды, дегенмен оның екеуіне ғана малдары қайтарылды. Оның өзінде жарым-жартылай ғана. Ал қалғандары еңбекпен тапқандарын есігінен сығалап, әлі қайтарып ала алмай жүр.
Ердан Исмағұлов, Жетіген ауылының тұрғыны:
- Осы үйден ұрланған малымды тауып отырмын. 108 бас қой осы үйден табылып отыр. Бізді кіргізбей, есіктерін жауып алып, үйіне кіргізбей жатыр. Не істейміз енді? Күндіз-түні жүреміз бе?
Жұрт ұрланған малын қанша жерден таныса да, әзірге оларды қайтарып алуға қауқарсыз болып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!