Тараздық жасөспірімдер тәртіп сақшыларын діңкелетті
Таразда жасөспірімдер көрінісі құдды бір «Голливуд» киносынан кем түспейтін «Шоу» жасады. Жеңіл көлік мінген бесеу бір сағат бойы қашып, тәртіп сақшыларын діңкелетті. Дегенмен олар полицейлерден сытылып кете алмай ұсталып тынды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
10.01.2019
Айтылған ақпарат бойынша мына экипаж мүшелері ұрланған көлікке кездейсоқ кезігіп соңына түседі. Қаланы шыр айналып қашқандар құтыла алмасын білді ме, әйтеуір машинаны тастай сала жаяулап жүгіреді. Бірақ одан да түк шықпай, 4 жасөспірім құрықталады. Ал бесіншісі табылмай жатыр. Белгілі болғаны ұрланған жеңіл машина қаладағы №2 емханаға тиесілі. Күдіктілер автотұрақтағы темір тұлпардың терезесін сындырып мініп кеткен. Оны дер кезінде байқаған күзетші құзырлы орынға шұғыл ақпарат беріп үлгерген. Қазір осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал 16-17 жастағы жасөспірімдер үйлеріне жіберілді. Бірақ олар тек айыппұлмен құтылуы мүмкін. Себебі олар машинаны ұрлауға арам ойымыз болмай, тек қызық үшін мінгіміз келді деп ақталған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!