Ақтауда сағаттап аурухана кезегінде тұрудан шаршаған науқастар шу шығарды
Олардың айтуларынша, дәрігер қабылдауына алдын ала жазылып, талон алғандарымен, кезекте сарғайып тұруларына тура келеді. Тіпті, жұртты ешкім қабылдамай, кері қайтуға мәжбүрміз дейді. Өйткені, ауруханада не окулист, не кардиолог жоқ.
Автор: Әйгерім Шакаманова
10.01.2019
Таң атпай ауруханаға келген жұрт көз дәрігерінің қабылдауына бір апта бұрын жазылып қойғанымен, окулисттің болмайтынын ешкім ескертпепті. Ал өзге дәрігерге қөріну үшін кезекте сағаттап тұруға тура келді. Алдын ала берілген талондардан да еш пайда жоқ.
Батыржан Атағазиев, Ақтау қаласының тұрғыны:
– Талонды алдым, уақытында келдім. Сол бойынша кіруім тиіс еді. Келсем басқа науқастар отыр. Айғай-шу. Кезекке тұру керек болса, талондарды не үшін береді сонда? Кешеден бері бәрімізді мезі қылды.
Тұрғындардың бірі қолындағы талонды көрсетіп дауласса, енді бірі кәдімгі кезекте тұрым деп таласуда. Ақыры, ешқайсысын да бүгін окулист қабылдамады. Сандалған науқастар қалалық ауруханада мұндай жайттар соңғы кезде жиілеп кетті дейді. Өйткені, мұнда окулист түгілі, кардиолог пен тағы басқа салалық мамандар да жоқтың қасы көрінеді.
Никар Рафикова, Маңғыстаулық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының президенті:
– Көз дәрігеріне қатысты бұл мәселе бірнеше жылдан бері бар. Бірақ, аурухана әкімшілігі мұны шешуге асығар емес. Салалық мамандар бөлімінің меңгерушісі отыр. Ішінде мамандары жоқ ондай бөлімнің не қажеті бар. Меңгерушіге ақша төлегенше білікті дәрігер таппай ма. Мұны денсаулық сақтау басқармасының шенеуніктері шешуі тиіс.
Ауруханадағылар болса, окулисттің жоқтығын мойындап отыр. Бос орынның бары жөнінде ақпарат жарияланғанымен, медициналық мекемеге келер маман табылмапты. Ал емханадағы жалғыз дәрігердің өзін әскерге шақырылғанды қарау үшін бөлімшеге шұғыл шақыртып алыпты.
Айжан Тілеумұратова, Ақтау қаласы №1 ауруханасы директоры орынбасарының міндетін атқарушы:
- Жыл сайын болатын әскери шақырту болғасын біз жалғыз окулистімізді жібердік. Ол таңертен 9-дан 2-ге дейін сол жақта қабылдайды. Соған байланысты біз бұрын жазылған науқастардың бәріне қоңырау шалдық. Оларға уақыты өзгеретіні, бірден үшке дейін келе берсін деп айтылды. Арасында хабар жетпеген адамдар бар шығар, олардан кешірім сұраймыз.
Дәрігерлердің сөзінше, бүгінде жұрт дәрігер қабылдауына мобильді қосымша арқылы жазыла алады. Бұған қоса, талонды үйден шықпай-ақ, яғни анықтама қызметі арқылы алуға да болады екен. Бірақ, талонда белгіленген уақыттан кешігіп қалса, дәрігер оны қабылдай алмайды. Бұл қағиданың тек мүгедектер мен шұғыл көмекке зәру адамдарға ғана қатысы жоқ. Бірақ, тұрғындардың ешқайсысы бұл жүйеге көшуге асығар емес. Өйткені, қанша жерден онлайн жазылғанымен, кезекте сарғайып тұруға тура келуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!