Көкшетауда алаяққа алдандық деген тұрғындар әділдік таппай жүр
Басындағы жалғыз баспанасынан айрылған бір топ көкшетаулық әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. Олар 47 жастағы әйелдің арбауына түсіп қалдық деп отыр. Бірі пәтерін, енді бірі астындағы көлігінен, тіпті, сауда жасап отырған дүкенінен айрылған. Наразы топтың айтуынша, айлалы келіншек олардың жеке мүлкін банктерге кепілдікке қойғызып, ақшасын қалтасына салып, тайып тұрған. Әйелдің қылмысын әшкере ете алмай әуре болған жұрт талай құзырлы органдарға шағымданып та пайда таппапты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
10.01.2019
Жапа шеккендердің бірі – Нұрсұлу Арыстанбаева. Ол отбасымен мына үйдің 6-қабатында тұрған. Пәтерін сатып аламын деп алдымен банкке кепілдікке қойғызып, ақшасын алған Ләззәт есімді келіншекті кейіннен ол таппай қалған. Қарызы өтелмеген соң, банк сотқа беріп, сот орындаушылары үйінен қуып шығыпты. Осындай жолмен жалғыз баспанасынан айрылған ол жалғыз емес.
Нұрсұлу Арыстанбаева, зардап шегуші:
-Дәл мен білетіндердің бәрі 5 миллион ақша берген. Бірі үйін берді, екіншісі көлігін берді. Тіпті дүкенінен айрылып қалғандар да бар.
-Бұл қатын жалғыз өзі істеп отырған жоқ.
Алдауына түскен адамдар әлгі әйелдің таныстары ғана емес. Үй сатам деп жарнама бергендер де бар. Тіпті кейбіреуін уақытша кепілдікке қойсаң, үйіңді сатып алам деп те алдапты. Қарызға белшеден батқан кезде ақшаңды алғың келсе көлігін де кепілдікке қоюын сұраған. Сөйтіп екінші рет алдаған.
-Бұл жағдай 7-8 жылға ұласып келеді екен. Сабылып жүрген жұрттың арасында 4 ай бұрын зардап шеккен адам да бар. Яғни, бұндай әрекет жалғасып келеді деген сөз. Және де ашулы топтың айтуынша, ол бұл іске өзінің інісін, әпкесін де тартқан. Әбден қарызын қайтара алмай шаршаған жұрттың қолында Ләззәт берген қолхат та бар. Онда 35 мың АҚШ долларын 2015-ші жылы қайтаратыны жазылған.
Амалы құрыған тұрғындар оны Красный ярдағы үйіне талай іздеп барып, құралақан қайтып жүр. Әрбір кездескен сайын бет бақтырмайтын әйел, төбелеске дейін барады екен. Осы жолы да қарызын қайтаруын өтініп келген жұрттың жағасына жармасып, айғайға басты.
Әсем Әбдірахманова, Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы:
-Көкшетау қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімінде Қылмыстық Кодекстің 177-ші бабы, яғни алаяқтық бойынша қылмыстық іс қарастырылып жатыр. Бұл тұрғындардың ұжымдық шағымы бойынша қозғалған. Қосымша тергеу жүргізіледі. Зардап шегушілер тергеу органдарына келіп, жағдайды анықтауына болады.
Барынан айрылып, баспана жалдап жүрген тұрғындардың кейбірі сотқа да шағымданып көрген. Бірақ, алдады деген әйелдің атында тіркелген бір де бір мүлік жоқ болып шыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!