Сириядан қайтарылған 7 адам тергеуге алынды
Сириядан қайтарылған алты ер адам мен бір әйел лаңкестікке қатысы бар болуы мүмкін деген күдікке ілінді. Бұл туралы бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. Олар қазір сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кеткен. Ал кеше Ақорда «Жусан» операциясының нәтижесінде елімізге Шам өлкесінен 47 отандасымыздың қайтарылғанын хабарлаған болатын.
Автор: Ербол Тұрымбет
10.01.2019
Сәтбаев қаласының тұрғыны Ботагөз Махатованың айтуынша, оның ұлы Еркебұлан 2012 жылы 17 жасында Алматыға кетіп, содан қайтып оралмаған. Арадан алты ай өткенде Сирия жүрген баласымен ғаламтор арқылы сөйлесіпті. Бүгінде анасының көзі жасқа толы. Ұрыс аймағынан ұлы емес, 2016 жылы қаза тауып, жер қойнына тапсырылып жатқан сәті бейнеленген таспа келіпті.
Ботагөз Махатова:
-Біз балалармен скайппен сөйлескенде артында ылғи қару асынған адамдар тұрады. Сондықтан ашылып сөйлесе алмайды. 1 минуттан шығып кетеді. Одан кейін ол жаққа үйренгесін бе, ақырын-ақырын хабарласа бастады.
Сирияда Ақтөбеден барған бір қызбен табысып, содан үш бала дүниеге келген. Бірақ олар әлі сол жақта. Ал елге оралғандар 2012-2015 жылдары шариғат ұстанған ислам елінде өмір сүреміз деген желеумен Астана мен Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан кеткендер деседі. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілердің хабарлауынша, солардың арасындағы 6 ер адам мен бір әйелге лаңкестік әрекеттерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Енді олардың тағдырын сот шешеді. Бәрінен қиыны – дүние жарығын сол жақта көріп, тілі арабша шыққан бүлдіршіндер. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған балалар қазір Ақтаудағы бейімдеу орталығында.
Бақытбек Рахымбердиев, ҚР ҰҚК департамент бастығы:
- Кейбір балалар Сирия аумағында туылған. Енді мынау құжаттау мәселесін Ішкі істер министрлігі және жергілікті органдар шешеді. Бұл балаларды қоғамға бейімдеу ең басты мәселе болып табылады.
Елге жеткізілген 30 баланың барлығының дерлік әкелері Сирияда жан тапсырған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілінің айтуынша, сол жақтағы қапастан қашып шықпақ болған бірнеше отандасымыз өлім жазасына тартылған.
Аталған комитеттің дерегі бойынша, осы күндері Ирак, Ауғанстан, Сирия сынды елдерде 900-ге тарта отандасымыз бар көрінеді. Оның жартысына жуығы – балалар. Жат жерге аттанғандардың ішінде әйелдер де баршылық. Оларды кері қайтару Сирия келіссөздері негізінде кепілдік берген мемлекеттердің көмегімен жүргізіле бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!