ШҚО-да қараусыз қалған ғимарат нашақорлардың ордасына айналған
Шығыс Қазақстанда қараусыз қалған нысан елдің зәре құтын қашырып отыр. Риддер қаласының қақ ортасындағы ғимарат қаңғыбас иттер мен нашақорлардың ордасына айналған. Тұрғындар балаларымызды далаға жіберуден қалдық дейді. Ал жергілікті билік бұл ғимаратты кәсіпкер сатып алған, оған шара болмай тұр деп қынжылады.
11.01.2019
Есік терезесі қаңырап, қабырғалары опырылып қалған бұл нысан халық тұрып жатқан көпқабатты үйдің бір бөлігі. Тұрғындардың айтуынша, оны тоқсаныншы жылдардың басында жергілікті кәсіпкер сатып алған. Жөндеу көрмеген үй қирап бүгінде нашақорлар мен қаңғыбас ит мысықтың жиналатын жеріне айналған.
- Бұл жерде тұруға қорқамыз. Плиталары құлап жатыр. Ол жерде балалар ойнайды. Басып қалса кім жауап береді? Не күтіп отыр билік, біреу өлу керек па сонда?
- Іші толған қоқыс. Атжалман да, қаңғыған иттер де осы жерде жүреді. Не істейміз білмеймін.
Халық қауіптің алдын алмаса қайғылы жағдай бола ма деп алаңдайды. Олар қираған нысан қожайынына үйді толықтай сүріп тастауды да ұсынған. Кәсіпкерге қала басшылығы бірнеше рет хат та жазыпты. Бірақ пысқырып жатқан ол жоқ.
Елена Маслакова, Риддер қаласы сәулет-құрылыс бөлімінің бастығы:
- Бірінші кезекте бұны қоршап қою керек. Ол жерге адам тұрмақ жан жануар да кіре алмауы тиіс. Кәсіпкерге осы талаптарды айтып хат жазып жатырмыз.
Әкімшілік нысанды қалыпқа келтіріп, жөндеу жұмыстарын жасау үшін кәсіпкерге арнайы жер де бөлген. Бірақ бір кірпіш те қаланбапты. Мүлік иесіне айыппұл салып шаршаған жергілікті билік сот арқылы мәселені шешеміз деп сендіріп отыр. Бірақ процестің ұзаққа созылатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!