Ақмола облысында жұрт қоқыс зауытының құрылысына қарсы шықты
Астананың түбіндегі Қоянды ауылының тұрғындары қоқыс өңдейтін зауыттың құрылысына тегіс қарсы шықты. Жұрттың айтуынша, цех ашылса елдімекенге үлкен экологиялық қауіп төнгелі тұр. Жиналғандардың ашуынан қаймықты ма кәсіпкер райынан қайтып қалды.
Автор: Жәудір Оразхан
11.01.2019
- Кәсіпкер қоқыс сұрыптайтын кәсіпорынды осы маңнан салуды жоспарлаған екен. Қояндыдан екі шақырымдай қашықтықта екі гектар жерді жалға алып, айналасын қоршап та қойған. Бірақ, бизнесменнің ісі бұдан әрі баспайтын сынды. Тұрғындар түбегейлі қарсы.
Қоқыс десе, қояндылықтардың төбе шашы тік тұрады. Өйткені, онсыз да Астанадан шыққан қалдық осы ауылға жақын жердегі полигонға төгіледі. Енді тура елдімекеннің ішінен қоқыс сұрыптайтын цех салынса, тіпті тұншығамыз дейді ашынған жұрт.
Елубай Нұғмар, Қоянды ауылының тұрғыны:
- Ащы түтін менен улы затпен уланатын шамамыз жоқ. Біз мұны салғызбаймыз. Егер осыдан кейін қайта бастайтын болса, тілге алмайтын болса, мен де бір күрегімді көтеріп барамын сүруге. Төбелессек төбелесеміз, ұрыссақ ұрысамыз.
Жиналғандардың ашуынан қаймықты ма кәсіпкер мақтаулы жобасынан айнығандай сыңай танытты.
Тимур Ғаниев, кәсіпорын өкілі:
- Біз халықты тыңдадық, зауыт салынбайды. Біз жабамыз. Біз қазір арыз жазамыз әкімдікке. Сот қалай шешеді, солай болады.
Бизнесмендердің «зауыт салынбайды» деген уәдесіне халық мүлдем сенбейді. Өйткені цехқа бөлінген жерде контейнерлер мен вагондар орнатылған және қарауыл қойыпты.
Айбек Есеев, Қоянды ауылдық округіның әкімі:
- Жер жер комиссиясының шешімімен 5 жылға жалға берілген. Бұл жер телімі ауылдық округ территориясында орналасқан. Енді халықтың шешімі қарсы болса, ары қарай құзырлы мекемелер өздері шешім қабылдайды. Бәлкім шарт бұзылатын шығар.
Кәсіпкер мен шенеуніктер халыққа басу айтқанымен зауыт тағдыры түпкілікті шешілген жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!