Алматыда тұрғындар жарық бағасының күрт қымбаттағанын түсіне алмай дал
Екі есе қымбат төлейміз! Жарықтың әр киловатына 37 теңге төлейміз деп ашынған халық шенділерден орталық электр жүйесіне қосуды талап етті. Өйткені, қала іргесінде тұратын жұртшылық жекеменшік трансформатордан таралатын электр қуатын пайдаланады екен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
14.01.2019
Жазигүл Ғалымбек жарықтың соңғы түбіртегін көріп, жағасын ұстапты. Бес баласы бар келіншек электр қуатын үнемдеудің де пайдасы шамалы деп отыр.
Жазигүл Ғалымбек, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жарықты үнемдейміз. Соның өзінде ай сайын 12 мың төлеймін.Енді қиын ғой. Менің бес балам бар. Былай айтқанда бір қап ұнның бағасы ғой.
Электр қуатының қымбаттауы қала іргесіндегі Көкқайнар ықшамаудынындағы 100-ден астам үйдің бас ауруына айналған. Жұртшылық жарықтың әр киловаты 37 теңгеге өскенде өре түрегелді. Қалың қараша тариф арзандады деген жаңалықтың бізге қатысы болмады деп налиды.
Гүлмира Берікова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Тариф арзандады дейді. Біздікі керісінше қымбаттап жатыр. Біздің жағдайымыз қиын болып отыр. Мен көпбалалы анамын, жалғыз күйеуім жұмыс істейді. Жарықты төлей алмаймын.
- Тұрғындарға электр қуатын тарататын дәл осы трансформатор жекенің меншігінде. Ал халықтан ақша жинап, осы қондырғыға қарайтын маман жарық бағасының бұлайша қымбаттауын қулығына құрық бойламайтын тұрғындардың көбейгенімен байланыстырады. Яғни, олар желілерге өз беттерінше қосылып, жарық ұрлауды әдетке айналдырыпты.
Атқамінерлер Көкқайнар ықшамауданына орталық желі осы жылы толық тартылады деп сендірді. Қазынадан қаржы да бөлініпті.
Әділет Тоқтасынова, Алатау ауданы әкімдігі коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- 2018 жылы 50 миллион жобалық-сметалық құжаттамаға ақша бөлінді. Энергетика осы жұмыстарды атқарып жатыр. 2019 жылы монтаждауға тағы ақша бөлініп, желілер салынады.
Ал жұртшылық жарыққа ақы төлеуден жалтарғандарды өздері іздеуге кіріскен. Әзірге ешқандай нәтиже болмай тұр. Сондықтан тұрғындардың электр қуатын елде жоқ бағамен сатып алудан басқа амалдары жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!