Астанада үйлердің қабырғасына есірткі жарнамасын жазған жігіт ұсталды
Астанада есірткі сататындар ашық жарнамаға көшті! Үйлерді аралап, спайс секілді синтетикалық есірткілер сатылатын сайттың мекен-жайын әр жерге жазып, клиенттерді арбап жатыр. Осындай түрлі еліткіштерді сатқандардың бірі бүгін қолға түсті. Ал полиция есірткі саудасын қыздырған сайттарды жойғанымен, күн сайын жаңасы ашылып жатыр.
Автор: Досжан Маратұлы
14.01.2019
- Бір қарағанда қара маркермен жазылған жәй жазу. Бірақ, бұл синтетикалық есірткілер сатылатын сайттың мекен-жайы. Оны қаскөйлер әр қабаттағы қабырғаға, лифтілерге тіпті жерге дейін жазып тастаған.
Мұндай есірткі жарнамасын қазір Астанадағы тұрғын үйлердің көбінен көруге болады. Сатушылар әсіресе, түн жарымда кіріп, қабырғаларды шимайлап кетеді екен. Мәселен, бұл сол препаратты жарнамалаған жігіттің бірі. Лифтідегі камерадан қымсынбай, есірткі сатылатын сайтты жазып жатыр. Бірақ, оны тұрғындар байқап ұсталып қалған.
- Айтсаңшы!
- Сіз біреуге келдіңіз бе?
- Айтпаймын. Керек десең кесіп ал.
«Спайс», «дживиаш» және «легалка» сияқты түрлі синтетикалық есірткілерді сатқан жігіт бүгін полицейлердің қолына түсті. Енді оған 2 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал, оны ұстап алған мына кісі. Дәулет Тұрысбеков көрсетілген сайтқа да кіріп көріпті.
Дәулет Тұрысбеков, Астана қаласының тұрғыны:
- Тексерсем есірткі сататын сайт екен. Кірдім, тіркелдім. Сөйтіп, қарасам кокаин, «кристальная мука» дейді «скорость» деген есірткі екен. Ішімнен қорықтым енді.
Ал, сайттағы түрлі нашалардың бағасы да сан-алуан. Ең арзаны – 5 мың теңге Кәдімгі есірткіден әсері 5 есе күшті еліткіштерді алданып, сатып алып жатқандар да көп. Сондықтан мұндай жазуды көрген бойда полицейлер хабар беруді сұрап отыр.
Әлия Қибатқызы, Астана қалалық полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға уәкілі:
- Бұрын мұндай жазбалар көп болмайтын. Қазір барлық қызметтер сондай мекенжайларды анықтауға бағытталған. Сондай сайтар анықталған кезде бізге дереу хабар берсе, біз оларды жою үшін жұмыс жүргіземіз.
Бір ғана Астанада былтыр осындай есірткі саудасы қыздырған 120 сайт жойылған. Бірақ, жаңасы күн сайын пайда болып жатыр. Өйткені, есірткі сатушыларды қолға түсіру қиын. Тіпті, интернет арқылы тапсырыс алып отырғандардың басшылары шетелде болуы да мүмкін дейді полицейлер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!