Алматы троллейбустарындағы камера іске қосылды
«Жолақтан» аулақ бол жүргізуші! Алматы троллейбустарынадағы камера бүгін жұмысын бастады. Енді қоғамдық көліктің алдын кесіп, жолағына түскен жүргізушілерге аяушылық жоқ. Айыппұл салынады. Осылайша, троллейбустар бір шетінен жол полицейлерінің де қызметін атқаратындай. Жолақ видео жүйесі қалай жұмыс істейді?
Автор: Асқарбек Қазанғап
16.01.2019
-Жаңа жылдағы жаңашылдық жүргізушілердің оң жамбасына келмеуі мүмкін. Өйткені, бұдан былай қоғамдық көліктің алдын кескендерге айыппұл салынады. Ол үшін шаһардағы 50 троллейбусқа арнайы камералар қойылған. Қалай жұмыс істейді? Бірге білейік! Ассалаумағалейкум! Қойылған камера туралы толығырақ айтып кетсеңіз
Ерғали Досымбай, жүргізуші:
-Бізде 50 троллейбусқа салынған, соның ішінде Абай даңғылындағы біздің жолаққа. Айтамыз алдыға түспесін, артқа түспесін деп.
-Күн ұзаққа түсіреді.
-Бұл өзгерістің сіздерге оң әсері болады деп сенесіздер ғой?
-Сенеміз, әрине сенеміз.
-Осыған дейін ортекедей ойқастаған көліктер көп болған шығар алдарыңызда?
-Көп болды. Сол үшін мынау жақсы көмектеседі деп сенімдіміз.
«Жолақ» жаңашылдық болғанмен, камерасының ғимараттарда тұрғаннан айырмашылығы жоқ. Мұндағы ноу-хау монитор орналасқан жүйесінде. Кешкісін троллейбус базаға жеткенде, автоматты түрде жадыдағы видео полиция департаментіне жолданады. Сонымен қатар, оқыс жағдайға арналған төтенше батырмасы да орналастырылған.
Денис Еремин, «Жолақ» жобасын құрастырған авторларының бірі:
-Оқыс жағдай бола қалса, жүргізуші «SOS» батырмасын басып, көмек шақыра алады. Мәселен, жол апатын көрсе, не басқа да жағдайларға куә болса ол туралы демде хабар береді. Жалпы, жолақ жүйесін былтыр желтоқсаннан бастап сынақтан өткіздік. Күткеніміздей нәтижесін береді деп ойлаймыз.
Мұндай құрылғының құны 270 мың теңге. Ережені елемеген жүргізушіні қыранның қырағылығындай 30 метр жерден қас қақпай анықтайды. Ал, автобус жолағына түскен жүргізушіге үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бір қызығы, жоба авторлары мұндай жүйені өзге елдерде жоқ екен. Бәлкім, Алматы көлік тізгіндегендерге ең көп айыппұл салған қала ретінде атын шығарар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!