Атырау облысында балықтардың неліктен қырылғаны белгілі болды
100 тоннадан астам бекіре мен 6 тоннадан астам қара балықтың жаппай қырылуына аммиак себепші болған. Бұл туралы Атырауда Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында белгілі болды. Олар енді тағы да қосымша ихтиологиялық бақылау және зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаражат бөлуді сұрап отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
16.01.2019
Қадырбек Исқалиев, ҚР АШМ комитетінің басшысы:
- Бұл жұмыстар мемлекеттік сатып алу бағдарламасында жарияланатын болады. Мемлекеттік сатып алуға еуропалық одақ та қатыса алады, яғни ихтиолопотологиялық зерттеулерді кім жүргізе алса, солар қатыса алады деген сөз. Сондықтан да біз дәл қазір ол жұмыстардың орындаушысын нақты айта алмаймыз.
Балық өліміне қатысы болуы мүмкін деген мекемелердің бірі - «Атырау жылу электр орталығында» тексеріс аяқталғанымен, экологтар оның нәтижесін құпияда ұстауда. 1 апта бойы жүргізілген жұмыс нәтижесін олар еш жерде жарияламастан бірден ішкі істер органдарына тапсырыпты. Ал, ондағылар әзірге ақпарат беруден бас тартып отыр. Жуықта, «Жайық-Атырау» және «Атырау бекіре балық өсіру» зауыттарында да тексерістер басталмақ. Аймақта, балықтардың жаппай қырылуы өткен жылдың желтоқсан айында басталған еді. Содан бері ведомствоаралық комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанымен, балықтарды аммиакпен улап өлтірген мекеме әлі күнге дейін белгісіз болып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!