Үшеуіне 44 жыл: Денис Теннің өліміне күдіктілерге осындай жаза сұралды
Алматыда Олимпиада жүлдегері Денис Теннің өліміне қатысты сот аяқталуға жақындап келеді. Бүгінгі cот процессіндегі жарыссөзде прокурор судьядан күдіктілер Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновты 20 жылға соттауды сұрады. Ал айыпталушылар бұл жазаны тым ауыр деп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
16.01.2019
-Сот мерзімді қысқарту түгілі мемлекеттік айыптаушы сұраған мерзімнен де ұзақ жылға абақтыға аттандыруы мүмкін. Мұндай жағдайлар атышулы процесстерге болған. Ал екі аптаға созылған атышулы процесте барлық куәгерлерден жауап алынды. 38 томға арқау болған іс, міне, ақыры жарыссөзге жетті.
Сотта ең алдымен прокурор сотталушыларға тағылған айып толығымен дəлелденгенін алға тартты. Дәйектерді тәптіштеп тұрып түсіндірді, айғақтарын айтты. Соңында судьядан тал түсте халықтың көзінше қылмысқа барған күдіктілер Қиясов пен Құдайбергеновтің ұзақ мерзімге абақтыға қамалуын сұрады.
Қуандық Досов, мемлекеттік айыптаушы:
-Арман Құдайбергеновты ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі, 192-бабының 2-бөлімімен, 99-бабының 2-бөлімімен айыпты деп тауып, оны түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Нұралы Қиясовты ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімімен, 99-бабының 2-бөлімімен айыпты деп тауып, оны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын.
Ал Құдайбергеновтің сәбиін құрсағында көтеріп жүрген сотталушы Жанар Толыбаеваға мемлекеттік айыптаушы төрт жыл жаза кесуін сұрады. Мұны естіген жәбірленуші тараптың төбе шаштары тік тұрды. Келіншек жеңіл жазамен құтылып кетеді деп қорықты ма, әйтеуір марқұмның анасы Толыбаеваны басты күдікті деп тыңнан түрен салды.
Оксана Тен, жәбірленуші:
-Менің ойымша, қазіргі уақытта Жанар Толыбаеваның қылмыстық бабын өзгерту керек. Оның адам өліміне тікелей қатысы бар. Екеуіне қарағанда білімі бар, шет тілін біледі. Жоспар құрып, қылмыстың бас-аяғын ойластырды. Судьядан істі қайта тергеуге жіберуді сұраймын.
Осы тұста келіншектің адвокаты да үнсіз қалған жоқ. Ол әйгілі спортшыға жасалған шабуылды өз көзімен көрмеген Толыбаеваны бостандыққа шығару керек деп отыр. Сондай-ақ, қорғауындағы адамға ауыр сөз айтылып, жала жабылғанына наразы.
Амангеллді Сариев, Ж. Толыбаеваның адвокаты:
-Құдайбергенов пен Қиясовтың әрекеті 106-ның 3 бөлігі болғандықтан, ауыр қылмысты жасырды деген бап болмауы тиіс. Мен босатуды сұраймын. Нақты заңда солай болуы керек. Әлемнің ақпарат құралдарының көзқарастарына байланысты жаза кесіледі деп есептеймін.
Ал соңғы сөз сөйлеген Толыбаеваның бүгін көңілі жабырқаулы. Оксана Теннің қайғысын түсінемін деген айыпталушы сот алдында белгісіз біреулердің қорқытқанын айтып, көз жасына ерік берді.
-Оксана Алексеевнаны түсінемін. Қанша сөз айтса да, мен көтеруге дайынмын. Маған желтоқсан айында ЛА 155/18 мекемесіне адамдар келді. Сол кезде мені сот болардың алдында қорқыта бастады. Мен бостандыққа шықсам да, лагерьге барсам да жағдайымның қалай болатынын білмеймін.
Ал 5 айға жуық уақыт қамауда отырып, бүкіл Қазақстанға қылмыскер ретінде танылған Қиясов пен Құдайбергенов қобалжулы үнмен спортшының анасы мен дүйім жұрттан кезек-кезек кешірім сұрады. Денис Тендей талантты спортшыны өлтіргенімізге, дәл ақ Лексустың айнасын шешкенімізге қатты өкінеміз дейді. Ойымызда адам өлтіру болмады деген екеуі Оксана Теннен аяушылық танытыңыз деп жалынды.
-Бізді кешіру де оңай емес. Бірақ барлығынан кешірім сұраймын. Қорғаушыммен келісемін. Басқа айтарым жоқ.
-Оксана ханымнан кешірім сұрағым келеді.Болған жағдайға шын жүректен өкінемін.
Бүгінгі сот процессіндегі жарыссөзде жәбірленуші тараптың талап-тілектері өте көп болды. Соған қарамастан судья өтініштерді орынсыз деп тауып, қанағаттандырмады. Ал қоғам назарындағы атышулы істің нүктесі ертең қойылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!