Алматы облысында тұрғындар ағаштардың оталуына қарсы шықты
Іле ауданы, Көкқайнар ауылының халқы шағын аллеяның тағдырына араша сұрап отыр. Айтуларынша, жасыл-желектің орнына коммерциялық нысандар бой көтермек. Ащыбұлақ ауылдық округіндегі демалыс орны 40 жылдан бері көпшілік тынығатын мекенге айналған. Алайда бүгін олар мұнда серуендеуге емес, наразылықтарын білдіруге жиналды.
Автор: Әсем Қабылбек
17.01.2019
Соңғы бірер жылдан бері көкқайнарлық тұрғындардан маза қашқан. Себебі, 40 жылдан бері жанға сая болған мына аллеяның ағаштары көктемге дейін жаппай оталуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті әкімдік мұндағы жер телімдерін бизнес ашу үшін кәсіпкерлерге бермек. Ауылдың бас жоспарына сәйкес жол жиегінен коммерциялық жаңа нысандар салынуы тиіс. Яғни, ағаштар оталып орнына мейрамхана немесе көлік жуатын орталық бой көтеруі мүмкін.
Аида Ибашева, Көкқайнар ауылының тұрғыны:
-Балалар ойнайтын жерге қуаты жоғары бағана қоймақшы. Үйге жақындатып қоймақшы. Ол біздің балаларымызға өте қауіпті.
Қайрат Әбенов, Көкқайнар ауылының тұрғыны:
-Үлкен кісілер бар осы жерде. Кешке таман шығады. Жол жоқ басқа жүретін.
Ауылдың бас жоспарын Іле аудандық мәслихаты 2017 жылы бекітіпті. Алғашында аллеяның 9 сотығы, екінші кезеңде 12 сотық жері жалға берілуі тиіс. Жергілікті атқамінерлер осы арқылы елдімекендегі шағын бизнесті дамытамыз дейді. Тек басты талап - кесілген әр ағаштың орнына көшет егуі тиіс.
Бекназар Иманбеков, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы:
-Ауылдың жалпы жоспары бекітілді. Бұл соған кіргізіліп отырғызылған. Кескен ағаштардың орнына ағаш отырғызады. Бұны мойындарына алып отыр.
Тұрғындар аталған бастамаға түбегейлі қарсы. Ал, жер телімін алуға ниет білдірген үміткерлер аллеяның жан-жағын өлшеп, өз жоспарларын әзірлеуге кіріскен көрінеді.
Гүлмира Әбдіке, Көкқайнар ауылының тұрғыны:
-Жердің иесі қазығын қазып белгілеп кетті. Міне бір шеті мұнда. Сонда бұл жерге мейрамхана салғанда машинасы қайда тұрады?
Ащыбұлақ ауылдық округінің бас сәулетшісі Мәди Оспановтың сөзінше, басты құжаттағы жоспар ұсыныс қана. Қазір аудандық сәулет бөлімі жер телімін 3 жылға жалға беру үшін кәсіпкерлерден нақты жоба күтіп отыр.
Мәди Оспанов, Ащыбұлақ ауылдық округінің бас сәулетшісі:
- Жобасы өтіп жатса, қаралады. Бұл облыстық жол болғандықтан біз рұқсатын алуымыз керек. Бос жерлер жоқ. Бос жер болса бос жерден беретін едік.
Егер кәсіп ашатын адамның жобасы мақұлданса, көше бойындағы жарық беретін бағаналар жер үйлерге қарай бір адым жылжиды. Одан бөлек күллі ауылды сумен қамтитын басты құбыр аллея арқылы өтеді екен. Ал, Көкқайнар ауылының тұрғындары ешбір ағаштың тамырына балта шаптырмаймыз деп бекініп отыр. Көпшіліктің ендігі талабы - қоғамдық тыңдауды қайта өткізу.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!