{metadescription}
Денис Тенді  өлтірген қылмыскерлерге  үкім шықты
Денис Тенді  өлтірген қылмыскерлерге  үкім шықты

Денис Тенді өлтірген қылмыскерлерге үкім шықты

Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысы барларға сот үкімі шықты. Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов ендігі 18 жылын қатаң тәртіптегі түрмеде өткізетін болды. Ал олардың сыбайласы Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Атышулы істе тек құрсағында сәбиі бар келіншектің анасы мен адвокаты апелляцияға жүгінеміз деп отыр.

Бүгінгі процесте Құдайбергенов пен Қиясовтың қиналғаны байқалмады. Екеуі де үкімді тік тұрып тыңдады. Соған қарағанда, айыпталушылар ауыр жаза арқалап кететінін сезгендей. Ал, құрсағында сәбиі бар Толыбаева бет-жүзін бүркеп, көз жасын тия алмады.  Бүкіл қоғам болып бақылаған атышулы іске қатысты соңғы отырысында әдеттегідей журналистердің қарасы қалың. Тіпті, сот залына осыған дейін төбе көрсетпеген айыпталушылардың туыстары да келген. Барлығы қобалжулы. Ал осы істі екі апта қарап, қос тарап пен куәгерлерді тыңдаған судья соңғы отырысты ұзаққа созбай, бірден үкімді оқыды.

Кеңшілік Әбделдин, судья:

-ҚР ҚК 58 бабы 4 бөлігіне сай, жазаларды ішінара қосу арқылы Қиясов Нұралы Дәулетбекұлына түпкілікті 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қолданылсын. ҚР ҚК 58 бабы 4 бөлігіне сай, жазаларды ішінара қосу арқылы Арман Құдайбергенов түпкілікті 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қолданылсын.

Сондай-ақ, судья осыған дейін кінәсін толық мойындап, Оксана Тен мен халықтан кешірім сұраған Құдайбергенов пен Қиясовты мемлекетке жалпы көлемі 1 миллион 800 мың теңгені төлеуге міндеттеді. Енді оларға қолымен істегенді мойнымен көтеруден басқа шара жоқ. Ал Жанар Толыбаева қылмысты жасырды деген баппен 4 жылға сотталды. Толыбаеваның анасы қызыма кесілген жаза тым ауыр деп көзіне еріксіз жас алды.

Гүлстан Ілиясова, Ж. Толыбаеваның анасы:

- Менің қызым қылмыс жасаған емес.  Ол үлгілі мұғалім. Ол жазатайым жағдай меніңше.

Тергеу материалдарына сәйкес, марқұм Денис Тенге пышақ сұққан Қиясов екені айтылған. Соған қарамастан, айна ұрлаған Құдайбергенов те қатаң тәртіптегі түрмеде досымен бірдей жазаны арқалап кетті. Ал екеуінің адвокаты бүгінгі сотқа келген жоқ. Сондықтан апелляцияға жүгіну-жүгінбеу жағы әзірге белгісіз. Сондай-ақ, жәбірленуші тарап үкіммен келісе ме, ол жағы да жұмбақ күйінде қалды. Өйткені сот аяқтала сала, марқұмның анасы Оксана Тен артқы есіктен шығып кетті. Журналистерге пікір айтуға үзілді-кесілді қарсы болғанын анық аңғартқандай.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде