Петропавлда оқушы қыздың үстіне шкаф құлап, ауыр жарақат алды
Петропавлда 8 жастағы қыздың үстіне спорт кешеніндегі алып шкаф құлап, омыртқасы зақымдалды. Қатты жарақат алған оқушының отыруға да мұршасы болмай, жатып немесе тек тік тұрып ас ішуге мәжбүр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
18.01.2019
Арина Вегель, оқушы:
-Біз жасырынбақ ойнап жүргенбіз. Менің әкпем орындықтың астына жасырыныпты. Мен шкафтың есігін аша бергенім сол еді үстіме құлады. Қыздар көмек беріңдер деп айғайлап едім, ересектер келіп шкафты көтеріп алып шықты.
Оқыс жағдай қаладағы ең мақтаулы спорт кешенінде болған. Жеңіл атлетикамен шұғылданатын қызды киім шешу бөлмесіндегі шкаф басып қалған. Оның сүйектері шытынап, қимыл жасауы қиындаған. Ол енді үш ай бойы үйінде білім алып, емделуіне тура келеді. Бұл жағдай анасына қатты соққы болғандай. Жалғыз басты келіншек жарақат алған қызының ем-домына ақша таппай жатыр. Анна Вегель спорт кешені басшысына қатты шүйлігіп отыр. Оның айтуынша, оқыс жағдайға кінәлі тарап кешірім сұрамақ түгілі, жәбір көргеннің хәлін де білуге келмеген. Сондықтан спорт кешені директоры үстінен арыз түсіріпті. Ал, өзін кінәлі сезінбейтін орталықтың басшысы ананың бұл әрекетіне ренжулі.
Александр Надобенко, «Олимп» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
-Анасы келіп бізде осындай проблема десе, біз көмек беретін едік. Бірақ ол кісінің жағдайды ушықтырғаны сонша, менің үстімнен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ал бұдан кейін ол кісімен қалай сөйлесуге болады? Мен бұл жерде өзімді кінәлімін деп есептемеймін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!