ШҚО-да жүздеген оқушы ескі ғимаратта білім алуға мәжбүр
Шығыс Қазақстан облысында жалғыз мектебі жабылады дегенді естіген Шаған кентінің жұрты наразылық білдірді. Олардың айтуынша, балалар талай жылдан бері ескі ғимараттың төрт бөлмесінде ғана сауат ашып келген. Әрі жөні түзу спорт залы да жоқ. Сондықтан тұрғындар атқамінерлерден жаңа білім ошағын салып беруді сұраған. Алайда жұрттың айтуынша, шенеуніктер мектепті жауып, балаларды 7 шақырым қашықтыққа тасымалдап оқыту жөнінде шешім шығарыпты.
Автор: Ұлан Нұрахмет
18.01.2019
Мына бір қабатты мекеменің ірге тасының қаланғанына 50 жылға жуық уақыт болған. Бұл бас кезінде сауда үйі болады деп жоспарланған екен. Бірақ, кейін балалардың сауат ашу игілігіне берілген. Алайда, мұнда заман талабына сай ешқандай жағдай жасалмаған.
Бүгінде 80-ге жуық оқушы ғимараттың төрт бөлмесінде қысылып-қымтырылып білім алуда. Оның тарлығы былай тұрсын, балаларға керек-жарақтың өзі жарамсыз күйде. Ата-аналардың айтуынша, атқамінерлер мұнда қаладағы мектептерден қалған ескі заттарды жібереді. Мұнда, химия, физика пәндерінің арнайы сыныптарын айтпағанның өзінде, жөні түзу спорт залы да жоқ. Ол үшін ғимарат жанындағы тар бөлмені қолдануға мәжбүр. Ал кіре берістегі дәліз киім шешетін орынмен қатар, мұғалімдер бөлмесі ретінде пайдаланылады. Сондықтан жұрт шенеуніктерден жаңа 80 орындық мектеп салып беруін сұрапты. Алайда сол үшін жазықты болдық дейді.
Сәуле Дүйсенбаева, Шаған кентінің тұрғыны:
-Басымызға тауып алған пәлеміз. 80 орындық жаңа мектеп салуды сұрадық. Тыныш жатқан жыланды бастыңдар деп отыр. Білім бөліміндегілер осылай деді.
Жұрт мектептің жырымен талай табалдырық тоздырғанын айтуда. Дегенмен, атқамінерлер құрғақ уәдемен қарық қылған көрінеді. Бірі жаңа білім ошағын салу үшін қаражат бөлінді десе, енді бірі ғимаратты кеңейтеміз деген. Ал жеме-жемге келгенде шенеуніктер 7 шақырым қашықтықтағы Бөдене ауылындағы мектепке қосу жөнінде шешім шығарған. Қазір бұған ұстаздардың өзі қарсы.
Гүлмира Шәріпова, №24 Шаған орталау мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
-Бұл мектептің жабылуына қарсымын. Өйткені мен бұл жердің тұрғынымын. Болашақта менде жұмыссыз қаламын. Әрине, қарсымыз.
Осылайша, 15 мұғалім жұмыссыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Әйтсе де, білім бөлімі басшысының орынбасары мектеп жабылады дегенді жоққа шығарды. Тіпті, оқушыларды көрші ауылға тасымалдап оқытудың өзі нақты шешім емес деп отыр. Өйткені қазіргі уақытта ғимаратқа қосымша бөлмелер қосу мәселесі де қарастырылып жатыр екен. Сондай-ақ, балалар қағаз жүзінде қажетті заттармен толық қамтамасыз етілген дейді.
Гүлнәр Оразбекова, Семей қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
-2018 оқу жылында біз әрбір мектепке 200 мыңнан, спорттық жабдықтарға деп бердік. Ол енді өздерінің еншісінде. Бөлінген ақшаға не сатып алатындарын ұжым өздері шешеді.
Шаған кентінің билігі болса, жаңа мектептің құрылысына қатысты тиісті құжаттарды білім бөліміне өткізгенбіз деп отыр. Ал атқамінерлерден көңілі қалған жергілікті жұрт ескі мектептерін жөндету үшін қалталы азаматтар мен министрліктен көмек сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!