4 бірдей баласын бауырына баса алмай жүрген тұрғын әділдік іздеп шарқ ұрып жүр
Балаларымды қайтарсын! 4 бірдей баласын бауырына баса алмай жүрген Ақмола облысының тұрғыны Әлібек Сұлтанов, әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. 10 жыл бұрын әйелімен ажырасып кеткен ол, анасы қайтыс болған балаларды сот нағашыларына тәрбиелеугеа бере салды деп ашынады. Әкелік құқым бар деп, қайын жұртымен балаға таласып жүр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
21.01.2019
Балаларын көрмекке келген Әлібекті бұл әйел үнемі осылай есік алдынан қайтарады екен. Балалар осы Анар есімді нағашы әпкесінде тәрбиеленіп жатыр. Бой жетіп қалған Сая мен Айжан және жасөспірім егіз ұл Әли мен Ілиястің қазіргі отбасы осы – Қарашілік ауылында. Олар 10 шақырым жердегі Көрнектіде тұратын ата-әжесі мен әкесінің үйіне келмегелі көп болған.
Әлібек Сұлтанов, балалардың әкесі:
-Өз балаларым ғой, өз қаным. Өз баламды өзіме қарсы қойып, жау қылғаны. Мені көрсе қашады көшеде. Мен оларға барып сәлемімді беріп амандасып, құшақтағым да келеді. Көмек бергім де келеді. Арақ ішпеймін, күнделікті жұмысым бар. 26 жылдан бері мұғалімдік жолда келе жатырмын.
Өзгенің баласын тәрбиелеп, өз баласына сырттай ғана қарауға мәжбүр ауыл ұстазының, қайын жұртына өкпесі қара қазандай. Оның айтуынша, іздеп барса балаларды бөлмесінен шығармайды, далада көрсе ала қашатын бұрынғы балдызының әрекетін Әлібектің ағайындары да түсіне алмай жүр. Әйтсе де, балаларды қамқоршылыққа алған Үміт емес, басқа адам бағуда.
Анар Кисемединова, нағашы әпкесі:
-Қамқоршылыққа алған басқа сіңлім. Бірақ, балалар осылай шешті. Олар менімен тұрғысы келді. Ал әкесінің айтқанының бәрі өтірік. Ол балаларын іздемейді. Неге басқа жерде кездеспейді? Қане үйде шынжыр көріп тұрсыңдар ма? Байлап ұстап отырмын ба? Мені олар ана дейді, мен анасымын!
Жангелді Төлегенов, Бурабай аудандық білім бөлімінің басшысы:
-Әкелік құқығынан айрылған жоқ. Бірақ шешім қабылдауды қорғаншылық және қамқоршылық органдары қабылдамайды. Шешім облыстық сот негізінде қаралады. Әкесінің құқығы қорғалды бірақ Сұлтанов Әлібек Теміртасұлы жазбаша түрде не қамқоршылық органына, не мамандандырылған сотқа арызбен шыққан жоқ.
Ауыл мұғалімі аудандағы басшыларға талай барғанын айтады. Сөзіне сенсек, қамқоршылық органындағылар бет бақтырмапты. Ал ұстаздық жолдағы азғантай табысының 50 пайызынан 4 балаға алимент төлейтін әкенің, адвокат алып, сотқа жүгінуіне мүмкіндігі болмаса керек. Бірақ, құзырлы орындар да әке мен баланы табыстыруға тырыспаған.
Әкенің балалардан көз жазып қалғанына 10 жылдан асқан екен. Осы уақытта кешегі бүлдіршін 10 жасқа есейді. Балақайлар ересектердің ерегесінің арқасында ата-әжені тәрбиесінен де оқшау қалып отыр. Кеудемде жаным барда бауыр ет балаларымды қалайда өз жұртыма қайтарамын, - дейді ашынған әке.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!