Алматы облысында жағымсыз иіске тұншыққан жұрт наразылық білдірді
Алматы облысындағы Жүнісбай ауылының тұрғындары екі жылдан бері жарылған кәріз құбырымен алысып келеді. Лас су ауылдың көшелерін жайлап, қолқаны қабатын жағымсыз иіс айналаны жайлаған. Кәріз суымен бағбандар бақша суарса, жайылған мал қысы-жазы сол лас суды ішеді. Оның үстіне ауыл маңы қоқыс алаңына айналыпты. Төзімдері таусылып, тыныстары тарылған тұрғындар төрт-түліктің еті пен сүтін азық етуден қалдық деп шу шығарды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.01.2019
Бұл бұлақтың емес, кәріз жүйесінен ағып жатқан су. Осыдан екі жыл бұрын кәріз құбыры жарылып, бұл аумақ қараусыз қалған. Қазақстан ауылындағы емхана, шарап зауыты және бірнеше үйдің кәріз қалдығы жердің бетіне шығып, төңіректегі аулаларға жайылған. Енді тоқтаусыз ағып жатқан лас судың зардабын көрші Жүнісбай ауылының халқы тартып отыр.
«Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Жүнісбай ауылының халқына кәріз құбырының жарылуы мұңға айналғалы қашан. Лайланған сумен бақша суаратындардың жеміс-жидектері бүлінсе, өрістегі төрт-түлік шетінен ауруға шалдыққан. Тұрғындар енді сиыр сүтін ішкен шиеттей бала-шаға да уланып жатыр деп үрей үстінде отыр.
Зарина Сауытова, Жүнісбай ауылының тұрғыны:
-Сиырдың сүтін беретінмін балама. Қалай тоқтаттық солай ішіміз де тоқтады. Ауруханадан шыққаннан кейін де бір апта ауырдық. Өйткені, ботқа жасайтынмын. Кішкене ғана сүт қосқам, қайтадан қоздырып жіберді.
Ауыл маңының қоқыс алаңына айналуы жығылғанға жұдырық болған. Онсызда әрең тыныс алып жүрген тұрғындар тау болып үйілген күл-қоқысты қоршауға алуды талап етті.
Әділбек Көпшілбаев, Жүнісбай ауылының тұрғыны:
-Аяқты мал болған соң шашады, жейді. Улайды. Ашық жатқан қоқысқа адам болса да, барады. Үш ауылдың қоқысы сол жерге келеді. Парламенттің депутаты да келді баяғыда. Қарық қыламыз деп барлығын қарық қылып кетеді. Артынан ештеңке де жоқ.
Халықтың жанайқайы аудан әкімдігіне енді жеткендей. Ашуға булыққан тұрғындарымен кездесу келген атқамінер аспаннан түскендей кейіп танытты. Мектеп салдық деп қайта-қайта мақтанған ол мәселені дер кезінде жеткізбеген ауыл әкіміне бар кінәні арта салды. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрген ауыл басшысы жұмған аузын ашқан жоқ.
Нұржан Құдайбергенов, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары:
-Әрине келіп айту керек еді. Оны айтпаған. Осы күнге дейін көтермеген. Канализацияны техникамен тазалаймыз. Ашып береміз. Керек болса табамыз. Қоқысты қоршаймыз.
Құр уәде беруден алдына жан салмайтын атқамінерлерге халық әбден сенуден қалған. Өйткені, 400-ден астам отбасы түтін түтетіп отырған ауылда қордаланған мәселе шаш етектен. Мәселен, үш адам әрең сыятын, суы жоқ медициналық пунктінің сиқы адам шошырлық. Мәдениет үйі деген аты ғана болмаса, заты тіпті мәдениет атаулыдан тым алыс ғимараттың тозығы жетіп, құлауға шақ тұр. Халық енді облыс әкімінен көмек сұрамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!