Қызылжарда алабай тұқымдас төбет өз иесін талап тастады
Ит қапқанымен қоймай, қансырап жатқан 67 жастағы азаматқа бір сағат бойы ешкімді жолатпады. Ақыры тәртіп сақшылары дәу итті атып өлтірген.
Автор: Жаңалық Ахаш
22.01.2019
Батырбек Жұмағожинов, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Ол ауласында қансырап жатты. Ит болса қасында жүріп алды. Көршіміз киімшең, тоңғаны соншалық көгеріп жатыр екен. Алабай жолатпағасын қақпа сыртынан жамылатын көрпе лақтырдым.
Үй иелері алабайды күндіз тор қоршауда ұстап, түнде ғана аулаға бос қояды екен. Таң атысымен әйелі итті қамауға келгенде қолынан тістеп алыпты. Оны арашаламақ болған күйеуіне тап беріп, талап тастайды. Таяқпен қумақ болған көршілерді аулаға жақындатпаған. Тек тәртіп сақшылары оқ атқанда ғана тынышталады. Қазір иттің иесі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның беті бері қарағанын айтады. Ал әйелінің қолын таңып үйіне қайтарыпты. Енді мамандар төбетті құтыру кеселіне тексеріп жатыр.
Мейрам Оспанов, дәрігер:
- Қолында, аяғында, денесінде жаралар көп. Жағдайы нашарлау болғасын реанимацияға жатқызғанбыз. Жағдайы жаман емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!