{metadescription}
Жамбыл облысында жұрт балабақшаның жабылуына қарсылық білдірді
Жамбыл облысында жұрт балабақшаның жабылуына қарсылық білдірді

Жамбыл облысында жұрт балабақшаның жабылуына қарсылық білдірді

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында мемлекеттік балабақша жабылғалы тұр. Бұл жайсыз хабарды естіген мекеме қызметкерлері мен ата-аналар өре түрегелді. Мамандар жұмыссыз қалудан қорықса, соңғылары үйреншікті жерден қозғалуға құлықсыз.

- Құландағы «Жауқазын» шағын балабақшасының жабылуы үлкен дау туғызды. Әсіресе бұл жағдай мұндағы қызметкерлердің жанына батуда. Өйткені бөбекжайдың есігіне қара құлып ілінсе, олар жаппай қысқартуға ұшыраймыз ба деп қорқады. Сондықтан 25 маман мектепке дейінгі мекемеге қатысты шығарылған шешімді өзгертуді талап етеді.

Білім бөлімінен бөбекжай меңгерушісіне осындай бір жапырақ қағаз  он күн бұрын келген. Балабақша таратылады деген парақта – мекемедегі бала санының аздығы әрі ғимараттың ескі болуы негізге алынған. Бірақ қызметкерлер бұл уәжді қисынсыз дейді. 

Балмейіз Жантақбаева, тәрбиеші:

- Құлайын деп тұрған ештемесі жоқ. 12 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекеме. Әп-әдемі бақша. Біздің тағдырымызды ойлап жатқан ешкім жоқ. Біз жұмыссыз қаламыз, мен жалғыз басты анамын. Мүгедек балам бар.

Бала-шағасын ойлап қамыққан мамандардан бөлек, ата-анаға да осы жаңалық ұнамады. Олардың айтуынша, ұсынылған жеке бөбекжайларда бала қарау ақысы мемлекеттікпен тең болғанымен, қашықта орналасқан. Сондықтан осыны желеу еткендер орын ауыстыруға құлықсыз.    

Бақтыгүл Жұманбаева, Құлан ауылының тұрғыны:

- Үйіміздің жанында, жол ақысы кетпейді. Тамақтану жақсы, іші жылы, балаларымыз терлеп ойнайды ішінде. Менің жеке бақшаға апарғым келмейді.

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы бала саны кем мекемені қаржыландыру тиімсіз дейді. Оның үстіне 48 жыл бұрын салынған ғимаратты қолдану өмірге қауіпті деп отыр. Әрі нысан СЭС пен төтенше жағдайлар талабына сәкес келмейді. Сондықтан амалсыз осындай қадамға баруға мәжбүр болдық деген шенді, бір де бір маман жұмыссыз қалмайды деп ант-су ішті.  

Еркін Сейітжапаров, Т. Рысқұлов аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Мен ұжыммен өзім де қабылдап жұмыс жасағам. Бізде үш балабақша ашылғалы отыр. Солардың басшыларымен сөйлесіп, барлығын бөліп, жұмысқа қабылдаймыз деп кепілдік бере аламыз. Әр-қайсысы әр жерге болғалы тұр.

50 балаға шақталған «Жауқазынға» қазір небәрі 22 бүлдіршін келіп жүр. Ал келесі айдан ғимараттың есігіне қара құлып ілінбек. Бөбекжай қызметкерлері мен ата-аналар жабыла шуласа да, шешім осы.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде