Ақмола облысында жұрт тарифтің арзандауын асыға күтіп жүр
Ақмола облысының Бурабай ауданындағы 10 ауылдың тұрғындары ауыз су бағасының арзандауын асыға күтіп жүр.Өйткені, олар жан басына ғана емес мал басына да су үшін ақша төлейді. Бірақ, шенділер Елбасының берген тапсырмасын орындауға асығар емес. Ауылға жылына бір рет ат басын бұратын аудан әкімінің есеп беру жиынында коммуналдық қызмет бағасының тек наурыз айында бір ақ арзандайтынын естіген жұрт шу шығарды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
23.01.2019
-10 ауылдың жұрты үшін су бағасы удай қымбат болып тұр қазір. Өйткені, 2018-ші жылға дейін бұл елді мекендердегі құбыр иесіз болып келген. Су ақысы да уақытша белгіленген тариф бойынша төленіпті. Содан бір жыл бұрын ғана «Бурабай су арнасы» кәсіпорынының балансына берілген кезде, баға да шарықтап шыға келген.
Мұнда суға әр тұрғын айына 430 теңгеден төлейді. Мал үшін де тариф белгіленген. 1 бас ірі қараға су - 226, әрбір қойға - 56 теңгеден келеді. Жаны мен бірге малына да суды сатып алатын ауыл тұрғындары жаңа жылдан бастап жалпы коммуналдық қызмет бағасы арзандайды дегенге елеңдеп отырған. Аудан әкімі Қанат Қарауылов ауылға келе жатыр дегенде осы мәселе шешімін тапқан болар деп ойласа керек. Бірақ, әкім әлі де қымбат бағамен төлейтіндерін айтқандағ, жұрттың көңілі су сепкендей басылды.
-Төмендейтін уақыт болды ғой.
-Бағаны көтергенде ешқандай комиссия келген жоқ қой.
Олардың бұлайша шу ете қалуының себебі де жоқ емес. Жұмыссыз, күн көрісін малмен өлшейтін ауыл тұрғындары соңғы жылдары мал басын көбейткен. Бұл су ақысын төлеуге келгенде әрине қалтаға ауыр түседі. Коммуналдық қызмет жайы сөз болғанда, олар тариф қайта қарастырылады дегенге қуанған.
Қайырбек Исин, Қызылағаш ауылының тұрғыны:
-1 ай өтіп кетті. Бір-біріне сілтейді бәрі. Сондықтан сенбейміз. Халық сенбейді.
Қайыргелді Мусин, «Бурабай аудандық ТКШ» ММ басшысы:
-Бағасын түсіру бойынша жұмыс тобы құрылған. Негізі наурыздың соңына дейін судың бағасын түсіреміз деген ойдамыз.
Шенеуніктердің сөзінше, құбырлардың техикалық жағдайын, судың сапасын, жұмсалатын шығын мен түсетін пайданы есептеу керек екен. Тариф содан кейін ғана өзгермек. Ал, оған дейін мал ішер суға дейін ақша төлеуге тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!