Алматы облысында сарбаз атылып өлді
Ұзынағаш ауылындағы Ұлттық ұланның 28 237 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген 22 жастағы Ұласбек Қожан түнгі қарауылда тұрып, автоматпен өзіне оқ атқан. Әскери бөлімдегі қызметкерлер бейбіт күнде жауынгердің мұндай сұмдық қадамға баруын түсіне алмай дал. Қазір тергеу басталып, қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
24.01.2019
Жантүршігерлік оқиға кеше түнгі бірлер шамасына Ұлттық Ұланның дәл осы әскери бөлімінде болған. Қарауылда тұрған сарбаз Ұласбек Қожан қаруымен өзіне оқ атып, оқиға орнында көз жұмды. Әскери борышын өтеп жүрген жауынгердің мұндай сұмдық қадамға не себепті барғаны әзірге белгісіз.
Төрт айдан кейін Отан алдындағы борышын өтеп бітуі тиіс 22 жастағы Ұласбек осылай өмірімен ерте қош айтысты. Көпбалалы отбасында дүниеге келген сарбаз Шымкент қаласының тумасы екен. Ұзынағаш ауылындағы 28 237 әскери бөліміндегілер қайғылы оқиға күні ешқандай жанжал болмады деп отыр. Ал қатардағы жауынгер ешкімге зияны жоқ, ақкөңіл азамат болған дейді. Қатарластарымен де жақсы араласыпты.
Вячеслав Пак, 28237 әскери бөлімінің бөлім басшысы:
-Сарбаз әскерге Астана қаласынан шақыртылған. Қатарластары арасында сыйлы, жауынгер ретінде өзін жақсы қырынан көрсете білген жігіт. Сол күні туыстарымен сөйлескен жоқ. Сүйген қызы болмаған. Ішкі қарауылда жалғыз тұрды. Өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болғанын өзіміз түсіне алмай отырмыз.
Ал Ұлттық Ұланның мәліметінше, марқұм өзіне берілген Калашников автоматының ұңғысын тура басына тақап, шүріппені басып қалған. Олар тергеудің енді басталғанын айта келіп, Ұласбектің өлімінің қызметіне еш қатысы жоқ деп шорт кесті.
Данара Баймағанбетова, Ұлттық Ұланның «Оңтүстік» ӨҚ баспасөз қызметінің басшысы:
-Аталған дерек бойынша, Алматы әскери тергеу басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексеру тағайындалды. Қатардағы Қожанның өзін-өзін атып өлтіру қызметіне еш байланысы жоқ.
Айдын күннің аманында сарбаздың суицидке баруына не себеп болғаны енді тергеуден кейін белгілі болмақ. Ал қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстары оның мәйітін туған жеріне бүгін алып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!