{metadescription}
Алматы облысында таксишілер шұрық тесік жолды өздері жөндеп жатыр
Алматы облысында таксишілер шұрық тесік жолды өздері жөндеп жатыр

Алматы облысында таксишілер шұрық тесік жолды өздері жөндеп жатыр

Отыз жылдан бері жөнделмеген! Алматы облысындағы Ащыбұлақ ауылының жүргізушілері жергілікті биліктен қайыр болмаған соң, шұрық тесік жолдарды асарлатып өздері жөндеуге кіріскен. Игі бастаманы жаман жолдың азабын әбден тартқан таксишілер бастапты. Олар 100 мың теңгеге жуық қаражат жинап, шұңқырларға тас пен құм төсеген. Ал жергілікті атқамінерлер халықтың жамаған жолын жоққа шығарып, игі істі өзіміз атқардық деп міз бақпай отыр.

Ұзақ жылдар бойы шұрық тесік жолды шенділерге жөндете алмаған Ащыбұлақ ауылының жүргізушілері енді өздері күрек ұстап, асарлатуға кіріскен. Игі бастаманы жаман жолдың азабын тартып, темір тұлпарлары тозған таскишілер бастапты.

Болат Бәден, такси жүргізушісі:

-Көлігіміз тез сынады, бөлшектер қымбат. Үкіметтен көмек болмағаннан кейін өзіміз 2 мыңнан жинап, 2 камаз топырақ алып, шұңқырларға төктік. Осы жерде отыздай такси жүргізушісі бар.

Алматы деп аталатын ұзын көше Көкқайнар ауылы мен бірнеше саяжайдың үстінен өтеді. Осы елді-мекендер арасында жолаушы тасымалдап, нәпақа табатын таксишілердің жұмысы көзге көрініп-ақ тұр. Жолдың жалпы ұзындығы 8 шақырымнан асады.

Жүргізушілер құм мен тасты араластырып, жолдағы дәл осындай шұңқырларды жамаған. Алайда, жиған-терген ақшалары 5 шақырымдық жолды ғана жөндеуге жетіпті. Олардың игі істерін жергілікті тұрғындар қолдап отыр. Алдағы уақытта барлығы жұмыла ақша жинап, қалған ойдым-ойдым жолдарды қалыпқа келтірмекші.

Жамалған жолды видеоға түсіріп, біз атқарған шаруа деп жоғарыға есеп берген атқамінерлердің әрекеті халықтың ашуын туғызды. Жергілікті билік жүргізушілердің еңбегін оп-оңай иемденіп кеткені барып тұрған бассыздық дейді тұрғындар. 

Маңғыбай Наурызбаев, Ашыбұлақ ауылының тұрғыны:

-Ол қалай? Басқа біреулер істеп жатыр. Олар иемденіп, біз істедік дейді. Әкімдік біздің құқығымызды қорғайды десек, білмеймін олар қандай жұмыс істеп отырғанын. Таксишілерге рақмет. Қолдан келсе мен де ақша қосайын деп отырмын.

Расыменде, атқамінерлер ойқы-шойқы жолды жөндеуге септегіміз тиді деп отыр. Шұңқырларды да жыл сайын бітейміз деп мақтанған әкімдік күрделі жөндеу жұмыстары көктемде жүргізіледі деп сендірді.

Ерлан Мейірманов, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары:

-Оны тұрғындар емес, әкімдік ұйымдастарды. Екі көлік тас-құм алып, ойықтарды жамадық. 320 миллион теңгеден астам ақша бөлінді. Мамыр айында жөндеу жұмыстарын бастаймыз.

Отыз жылдан бері қараусыз қалған жолды күн жылығанда жөндейміз деген шенділердің уәдесіне халық сенбейді. Сондықтан биліктің көмегінсіз өздері қалған 3 шақырымдық жолмен алыспақ. Дегенмен, жүргізушілердің шама-шарқы жеткенше тас-құм төсеген жолдары ұзаққа шыдас береді деп айту қиын.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде