Бүтін бір ауыл халқы әкімдіктен бағдаршам орнатуды талап етті
Алматы іргесіндегі Еркін ауылында жұрт жол белгілерінің жоқтығынан зардап шегіп отыр. Мұнда жол апаты жиілеп, содан қаза тапқандар жиілеген. Кеше ғана 6-шы сыныпта оқитын баланы көлік қағып, ол мерт болды.
Автор: Әсем Қабылбек
25.01.2019
Талғар ауданына қарасты Еркін ауылы «Алматы-Жетіген» жолының бойында орналасқан. Мұнда ауыл мен күре жолды жалғайтын жаяу жүргіншілер жолағы бар. Алайда автокөлік иелерінің көбі оны елегісі жоқ. Күллі ауылдың қабырғасын қайыстырған оқиға кеше тура осы жерде болған. Жұрт мұнда автоматты түрде іске қосылатын бағдаршам қойылуын талап етуде.
Бекзат Әуесбек, Еркін ауылының тұрғыны:
-Біздің көшеде автобус өте сирек жүреді. Оның жүру уақытысы 40 минут. Біз сыртта тұрғанда мұздап қаламыз соның кесірінен. Досымыз арғы көшеге шығамыз деп сол жерде қаза болды. Сол жерде 2 бала автобусқа үлгерейік деп жүгіріп шыққанда көлік қағып кеткен.
Жол апатына ұшыраған балалар - ағайынды бауырлар. Біреуі оқиға орнында мерт болса, екіншісінің аяғы сынған. Жалпы Қайнар ауылдық аймағында 11 елді мекен бар. Соның бірі - Еркін ауылы. 4 мыңға жуық халқы бар елдімекенде қозғалыс жылдамдығын шектейтін белгі орнатылмаған. Көлік көп жүретін жерлерде үнемі апат. Оған тұрғындардың өздері куә.
Санат Смайылов, Еркін ауылының тұрғыны:
-Төменгі жақтан орталыққа қарай шығатын жолға бағдаршам керек.
Эльмира Болысбаева, Еркін ауылының тұрғыны:
-Әкім Жандос Ясинұлына бардым. Жандос Ясинұлы: «300 адамның қолын жинап кел. Содан кейін біз бағдаршам қоямыз» деді. Бесінші рет барған кезде маған айтты: «Біз Іле ауданының полицейлерімен сөйлесіп жатырмыз» деді. Сөйтіп жүргенде арада жеті жыл өтіп кетті.
Жергілікті билік көптің ұсынысын Талғар аудандық әкімдігіне жеткізген. Ауылдың кіре берісіне бағдаршамдар орнату облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының назарында. Тек, оған қыруар қаражат керек дейді.
Бегалы Түңлікбаев, Қайнар ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:
-Келесі жылы қаражат бөлеміз деп отыр. Үнемнен артылған қаржыдан көмектесеміз деп отыр. 2 бағдаршам 10 млн-ға жуық қаражат керек. Бұның құжаттары өткізіліп қойған. Қазір жан-жақты қарастырылып жатыр.
Шенеуніктің сөзінен түсінгеніміз: Талғар аудандық әкімдігі үнемделген қаражат есебінен Еркін ауылына бағдаршам орнатпақ. Ал оған дейін жолда жүру қауіпсіздігіне тұрғындардың өздері ғана жауапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!