Астанада құмар ойынға есі кеткен танымал адамдардың балалары мәжбүрлі түрде ем қабылдап жатыр
Букмекерлік кеңселерге кіретіндердің жас шамасына шектеу қойылуы мүмкін. Құмар ойындарының кесірінен құрдымға кетіп жатқан жастардың күрт көбеюіне байланысты заңға қатаң өзгерістер енгізілмек. Дегенмен, үкілеп отырған ұл-қызы жеңіл ақшаның жетегінде кетіп жатқан ата-аналар букмекерлерік кеңселердің жаппай жабылуын талап етіп отыр. Белшеден қарызға батып, ұтысқа ақша табу үшін адам өлтіруден де тайынбайтын балаларын ойынқұмарлықтан олар арнайы мекемелерде емдетуге мәжбүр.
Автор: Аруна Ортай
25.01.2019
Әдетте мұнда қалталы ата-ана нашақор балаларын емдетеді. Енді бірі құмар ойынға салынған ұл-қыздарын әкеліп жатқызған. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бұл палаталарда небір белгілі саясаткерлердің еркетотайлары мен танымал әнші, аяқ допшы, тіпті генералдар да жатыпты.
Мұнда қазір тура 8 адам емделіп жатыр. Оның төртеуі қыз-келіншектер. Ең жасы небәрі 20-да, ал үлкені - 32-де. Барлығы дерлік ауқатты отбасыдан шыққандар. Бірақ соған қарамастан, төсек-орындары тым қарапайым, тіпті аздап тозған десе де болады.
Ал бағасы айына – 350 мың теңге. Букмекерлік кеңселерге енді аяқ аттап баспас үшін кемі 9 айға дейін жатып емделу керек екен.
Әсел Жұбанышева, психолог:
-15 жыл ойнамаса да ол бәрібір өз-өзіне мұқият болу керек. Өйткені қанша жыл өтсе де, егер ол бір рет ойынға ақша тіксе тоқтамай кетуі мүмкін.
Мәліметтерге қарағанда, букмекерлік орталықтардың саны соңғы бірер жылда 5 есеге дейін көбейген. Ал жылына 350 мың адам ұтыс тігеді. Яғни, күніне 900 адам ойынханаларға кіріп-шығады деген сөз. Шықпайтындары қаншама. Солардың бірі - Жанар Мұшанованың ұлы. Мектеп оқушысы бастапқыда 2 мың теңге тігіп, миллион ұтқан екен. Үлкен ұтысқа есі кеткен бала ақыры үйдегі дүние-мүліктің барлығын ұтқызып тынған. Ақырында, әке-шешесін белшеден қарызға батырған.
Жанар Мұшанова:
-Бүкіл дүние-мүлкімізден, бәрінен айырылдық. Пәтерді, көлікті саттық. Ұлымды емдеттім де, бірақ, айықпады. 1-2 аптадан соң қайтадан әдетіне кірісті. Әрине, ол қалай емделсін? Үйдің айналасы, көше бойы толған букмекерлік кеңсесі. Компьютерлік клубтар. Олар құмар ойындарына баланы қалай қатыстырады?
Көмек сұрап, шенеуніктерге жылап келген әйел букмекерлік кеңселерді жаппай жаптырып тастауды сұрады. Жалпы, ойынханаларға шағым түсіретіндер шаш етектен. Тіпті тәртіп сақшыларының өзі арызданып отыр. Айтуларынша, осы құмар ойындарының кесірінен кісі өлімі көбейген. Мәселен, Шымкентте ұтысқа ақша таппаған баласы өз анасын өлтіріп тыныпты. Дегенмен, қанды қылмысқа себепкерлер көбіне жауапкершіліктен сытылып кетіп жатады екен.
Мақсат Байболов, Ішкі істер министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
-Бір казиноның қылмысын дәлелдеу үшін 50-ден астам сот сараптамасы мен 48 зерттеу жүргізуге тура келді. Яғни, оларды жазаға тарту анау айтқандай оңай емес. Сотқа дейін тергеуде де кедергілер көп. Өйткені заңның өзінде кез-келген жерде казиноға ұқсас ойынханалар ашуға рұқсат берілген.
Сол себепті де, алдағы уақытта заңға өзгерістер енгізілмек. Яғни, шенеуніктерге сенсек, ойынханаларға деген талап бұрынғысынан да күшейтіледі. Десе де, басында елді ұтқызып, соңында өздері ұтатындар халықты қызбалыққа салынбауды сұрап отыр.
Гүлмира Бергенова, Қазақстан ойын бизнесі қауымдастығының атқарушы директор:
-Не болса да, асықпаған дұрыс. Кез-келген бизнесте ниеті түзу еместер бар. Қатаң шараларды сондай кәсіпкерлерге қолдану керек деп есептеймін.
Дегенмен, букмекерлік кеңселердің шағымданатын реті де жоқ. Тасы өрге домалаған бәс тігетін орындар әр үйдің түбінде ашылған. Қазір букмекерлік кеңселерге 18, ал казиноларға 21 жастан кіруге рұқсат етіледі. Енді бұл жас шамасы тағы ұлғайтылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!