Қытайға оқуға түсіреміз деген фирма адамдарды алдап соқты
Блогерлердің жарнамасына сенгендер оңбай алдандық деп отыр. Танымал әртістер арқылы жұртты қызықтырғандар Қытай университеттерінде тегін білім гранттарын ұсынған. Онымен қоймай, 500 доллар жалақысы бар жұмыс та уәде етіпті. Ал осынау қызметі үшін ата-аналарынан 500 мыңдай теңге сұраған.
Автор: Аруна Ортай
29.01.2019
Алайда ақысын алдын-ала төлеп қойғандар Қытайға барғанда, компания берген шақырту қағазының жарамсыз екенін білген. Осылайша жүзге жуық адамды сан соқтырған фирма өкілдері байланысқа шықпақ түгілі, бұрынғы орыннан көшіп кетіпті. Олардың жаңа мекен-жайын төрт айда әрең тапқан ата-аналар кеңселеріне басып кіріп, директорды жағадан алды.
Бұл компаниядағылар, әдетте, клиенттерін аяқтан тік тұрып қарсы алады. Одан қалды, кофе, шәй ұсынады. Бірақ бұл жолы бұлқан-талқан боп, тіпті есігінен қуып шықты.
Бірақ кеңсеге басып кіргендердің оңайлықпен кеткісі жоқ. Өйткені әрқайсысы балаларын Қытайға оқуға жіберу үшін компанияға жарты миллион теңгеден төлеген. Ал ақысына фирма бір жылдық грант уәде еткен. Сөйтіп, оқушылардың қолына шақырту қағазын ұстатыпты. Алайда компанияға сеніп, Қытайға кеткен ұл мен қыз жат елде қаңғып қалған. Белгілі болғанындай, ол жақтағылар бұл компания туралы мүлде білмейтін боп шықты.
Гүлден Нұрғалиева, зардап шегуші:
-Барғаннан кейін ешқайда оқуға түсе алмады. Айтыл бүкіл шарттары орындалса, біз осы кісінің артынан жүреміз бе? Алды ма менің ақшамды, мен одан артық ақша сұрап тұрған жоқпын, өзімнің 490 мың теңгемді қайтар деп тұрмын!
Гүлден Нұрғалиева сияқты тағы 65 адам компанияға алдандық деп отыр. Арасында, тіпті 2 миллион теңге аударғандары да бар. Өйткені, бір емес, 2-3 баласын аттандырған. Қытайға барып, қаңғып қалған ұл-қыздарға, абырой болғанда, еліміздің сондағы консулы көмектесіпті. Сөйтіп, мәселені ақша жинап алған компания емес, дипломаттар шешкен.
Айбек Смадияров, СІМ ресми өкілі:
-Қазақстандық 64 студент Қытайға барып, оқу орындарына орналастырылмай, жатақханаға орналастырылмай далада қалып қойған болатын. Қазіргі таңда барлық студенттер жатақханаға орналастырылды. Тиісті жоғары оқу орындарына да орналастырылды. Мәселе шешілді деп айтуға болады.
Сорақысы сол, фирма жұрттан жатын орын үшін де ақша алған. Әрбір баладан мың жарым доллар. Алданғандардың бір-екеуі ол пәтерлерге кірген. Бірақ бөлмелердің іші лас, адам баласы тұрмаған, тіпті кеміргіштер жорғалап жүр екен.
Гүлден Нұрғалиева, зардап шегуші:
-Ата-аналардың құлақтарына алтын сырға, білсін қайда келетінін! Кейін соңында не болатынын? Өйткені 2017-жылдың ата-аналары осыны бізге айтып, біз ескертілген болсақ, біз мұнда келмеуші едік!
Ал фирма өкілі жұмған аузын ашпады.
Бірақ, фирма бастығы әркезде мұнда дөрекі емес. Мәселен, Инстаграммдағы мына парақшада ол әйгілі вайнерлермен бірігіп, жастарды жаппай шетелге оқуға шақырып жүр.
Бұлар Қытайды қойып, енді Түркияға оқуға жібереміз деп жар салып жүрген көрінеді. Алдандық дегендердің көбі басшыға емес, жарнамадағы блогерлерге сендік деп отыр. Фирманың жұртты бұлай дүрліктіруі бірінші емес екен. Былтыр біраз елді шулатқан парақшасы жабылып тынған. Ал қазір олардың үстінен «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Бірақ, соған қарамастан компания жұмысын жалғастырған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!