Оралда шатыры опырылған көпқабатты үйдің тұрғындары көмекке зәру
Оралда көпқабатты үйдің шатыры опырылып түсті. Шошынған тұрғындар әлі күнге естерін жия алмай жүр. Енді ағаш тіреумен тұрған шатырдың екінші бөлігі құлай ма деп үрейленеді. Шұғыл күрделі жөндеу жүргізуге тұрғындардың ақшасы жоқ. Ал әкімдіктегілер болса көмек беруге асығар емес дейді үй иелері.
30.01.2019
Қаланың қақ ортасындағы бұл үйдің тұрғындарынан маза қашқан. Әсіресе жоғары қабатта тұратындар өз пәтеріне кіріп-шығуға қорқады. Себебі, төбедегі қардың салмағына ағаш тіреулер шыдамай, шатыр опырылып түскен. Қазір шатырға шығатын подъездегі тесікті құтқарушылар лентамен матап, жауып тастаған. Сол күні гүрсілдеген дыбысты мұндағылар шошына еске алады.
Әлия Нариман, Орал қаласының тұрғыны:
- Шатыр опырылып түскенде гүрсілдеген қатты дыбыс шықты. Біз жарылыс болған шығар деп ойладық. Тіпті қабырғалар дірілдеді. Қатты қорқып кеттік.
Вера Речицкая, Орал қаласының тұрғыны:
- Түнімен шатырымыз сықырлап тұрады. Тағы да опырылып түсе ме деп көз ілмей шығамын. Төбеге балконнан да, терезеден де қарап қоямын. Басқа амалым бар ма?
Тұрғындар қорқуына себеп те жоқ емес. Өйткені, аман қалған шатырдың екінші бөлігі ағаш тіреумен тұр. Опырылған шатырдың кесірінен жоғарғы қабаттағы пәтерлердің қабырғалары да сетінепті. Ал, қыстың көзі қырауда оны жөндеуге тұрғындардың ақшасы жоқ.
Қанат Өмірәлиев, Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары:
- Енді опырылып, төбесінің майысқанына келетін болсақ бүгінгі таңда пәтер иелері кооперативі қаражаттың жоқтығын айтып отыр. Сондықтан да тұрғындармен жиналыс өткізетін боламыз жаңағыдай тұрғылықты жаңғырту бағдарламасы арқылы төбесін ремонттау, күрделі жөндеу жүргізу жөнінде.
Енді бұл үйдің шатыры қашан жөнделетіні белгісіз. Әкімдіктегілер еш уайымсыз әзір тұруға жарайды деп жұртты сабырға шақыруда. Ал терможаңғырту бағдарламасы бойынша шатырды жаңалағанда қанша қаражат кететінін әзір ешкім есептемепті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!