Алматыда өз қызын балғамен ұрды деп айыпталған әйелге қатысты сот басталды
Алматыда өз қызын балғамен ұрды деп айыпталған әйел сот алдында жауап бере бастады. Мәлімет бойынша, 44 жастағы Анна Иванова өз баласын бес жыл бойы ұрып-соқпаққаны былай тұрсын, мектепке жібермей, үйінде қамап ұстап отырған көрінеді. Оқушы қыз анасының қатігездігін айтып, сынып жетекшісі мен мектеп мейірбикесіне де талай шағымданған екен. Алайда, іс жылы жабылып тынған. Бес жылдан соң барып белгілі болған жайтқа қатысты басталған сот отырысына мектеп ұжымы да шақыртылды.
Автор: Аруна Ортай
30.01.2019
Жәбірленуші орындығында туған анасынан көресіні көрген қыз. Оның түрін көрген кез-келген адамның жүрегі ауырады. Бет-аузының сау-тамтығы қалмаған. Қаршадай қызды өз анасы бес жыл қатарынан осылай сабаған көрінеді. Тергеу материалдарында балғамен, одан қалды газ бұрандасымен ұрды делінген. Алайда, осындай айыптар тағылған ана өз кінәсін мойындамай отыр. Айтуынша, қызға саусақ ұшын да тигізбеген. Дегенмен, сараптамасы нәтижесі мүлдем басқа.
Надежда Барсукова:
-Біз қызды алып кетуге келгенде ол қызды ұрып жатты. Байғұс бала бізді көре сала алып кетіңіздерші деп жылап қоя берді. Бала әбден қорқып қалған. Біздің көзімізді бақырайтып қойып, өтірік айтып тұр ол.
Қыздың денесіндегі көгерген іздерді бірінші боп осы Надежда Барсукова байқаған. Болған жайтты жұртқа жария етіп, дабыл қаққан да сол. Бірақ Надеждадан бұрын да білгендер бар. Ол оқушының сынып жетекшісі мен мектеп мейірбикесі. Бес жыл бұрын біліп, бірақ шара қолданбағандар сот алдында тек ақталумен әлек болды. Айтуларынша, полицияға хабарлаған. Бірақ, неге екені белгісіз іс жылы жабылып тынған. 14 жастағы Диана Иванованың басынан өткен жайт бүкіл елді дүрліктірген болатын. Қаршадай қыз бала кезінен анасынан тек таяқ жеп келген. Ауыр соққылардан түрі кісі шошырлық жағдайға жеткен. Десе де, анасы істеген ісіне өкініп тұрған жоқ. Керісінше, сотта өзін тым еркін ұстап, тіпті дөрекілік көрсетті.
Күдікті бұрын да сотты болған. 259-бап бойынша төрт жыл түрмеде отырған. Дианадан басқа, әйелдің тағы екі қызы бар. Бірақ неге екені белгісіз, барлық көресіні ортаншы қыз көрген.
3 томға арқау болған іс жантүршігерлік жайтқа толы. Онда тіпті әйелдің қызды далаға шығармай, жылдар бойы үйде қамап ұстаған деген де мәліметтер бар. Атышулы істе барлығы 10 куәгерден жауап алынбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!