Президент Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктерді шарасыз қорқаққа теңеді
Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев шенеуніктердің шарасыздығына қынжылыс білдірді. Министрлер мен облыс әкімдерін тегіс жинап, үлкен кеңес өткізген Елбасы, Үкіметтің банк секторындағы былықты реттей алмай отырғанын мәлімдеді. Ал ойына келгенін істеген акционерлер бюджеттен берілген ақшаны жымқырып шетел асып жатыр. Сондықтан бұған ашуланған президент жауаптыларды қатты сынға алды.
Автор: Досжан Маратұлы
30.01.2019
Үкіметтегілер мен әкімдерді түгел жинаған Елбасы бүгін талай мәселені қозғады. Министрлер мен аймақтардың басшыларын қатты сынға алды. Алдымен сөз естіген Ұлттық банк төрағасы. Данияр Ақышев проблемалық банктердің мәселесін әлі шеше алмай отыр. Тіпті, қаржылық ұйымдардың мемлекет алдындағы берешегі соңғы бірнеше жылда үш жарым есеге артып, 4 трлн теңгеден асқан. Банк секторын қолдауға берілген бұл қаржыны қайтарғанды қойып, акционерлер талан-таражға салып жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Нужно следить, чтобы пока работает банк, акционеры не вывозили, не воровали деньги. Өзінің банкінен өзі ақша ұрлап жоқ қылады. Что такое вообще? Средь бела дня. А мы что сидим?
Елбасы бұл мәселені шешуді Үкіметке бірнеше мәрте тапсырған болатын. Бірақ нәтиже шамалы. Сол үшін шенеуніктерді түк тындыра алмайтын шарасыз жанға теңеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Вы просто трусы, а не правительство и не министры! Для чего тогда вы работаете? Очистите мне все банки. Мы будем считать, что честно выполнило свой долг это правительство, и уйдите с этим в отставку.
Көлеңкелі бизнеспен күресе алмай отырған Қаржы министрі де сөзге қалды. Өйткені кедендегі контрабанданың кесірінен қазына жылына 200 миллиард теңгеден қағылып отыр. Мұның себебін Әлихан Смайыловтан сұрайын деп еді, Елбасыға білдей қаржы министрінің төрде емес, төменде отыруы ұнамай қалды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Министр финансов не должен в конце стола сидеть, а сразу после вице-премьеров его место. Встань, иди сюда. Сдвиньтесь, начиная от Кожамжарова, все на одно место. Поэтому финансы у нас хромают, от того, что мы так относимся.
Ал аймақтағы әкімдер бюджет қаржысын тиімді пайдалана алмай отыр. Тіпті кейбірі тұрғын үй салудың орнына, өздеріне Астанадағы секілді сол жағалау салып, ақшаны оңды-солды шашып жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Енді кімнің левый берегі бар тағы? Павлодар салсын левый берег. Өскемен салсын. Тағы кім бар? Орал салсын. Вместо того чтобы дополнительное жилье строит, будет трубу тащить туда дорогу строит. Берген ақшаға қожа болсаңдар адам сияқты. Мемлекеттің ақшасын неге үнемдемейсіңдер?!
Сондай-ақ, Елбасы Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатаң тапсырма берді. Егін егіп, мал өсіру экономикамыздың драйверіне айналу керек деген президент, Алматы облысында қант, Астанада шұжық өндіретін зауыт салуға пәрмен берді. Сондай-ақ, инвестор тартып, коммуналдық тарифтер мен азық-түлік бағасын қадағалау да басты назарда. Әрі Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үйді көптеп салуға тапрсырма берді. Биыл 13 миллион шаршы метр баспана салынып, біразы 7-20-25 бағдарламасымен берілуі тиіс. Айтпақшы, биылдан бастап отандық автокөлік те осы 7-20-25 бағдарламасының негізінде несиеге беріле бастайды.
Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы:
- Ұлттық банк отандық өндірістен шыққан автокөліктерді сатып алуы үшін несие беру бағдарламасын әзірлеуге және қаржыландыруға дайын. Бағдарлама нарық принциптеріне сай, банктер арқылы, «7-20-25» бағдарламасының негізінде жүзеге асады.
Бірақ, ауқымды бағдарламаның нақты қашаннан бастап іске асатыны әзірге белгісіз. Несие тек автокөлігі жоқтарға берілмек. Ал президенттен сөз естіген шенеуніктер дереу түзелуге уәде беріп тарқасты. Енді әкімдердің жұмысы облыс тұрғындарының әл-ауқатына сай бағаланбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!