Астанада туберкулез анықталған балабақшада ауқымды тексеріс басталды
Астанада мұғалімдерінен туберкулез анықталған мектеп пен балабақшада ауқымды тексеріс басталды. Кішкентай ұл-қыздардан бастап, оқушылар мен тәрбиеші, педагогтар жаппай рентгенге түсіп, ғимарат ішінде залалсыздандыру жүргізілді.
31.01.2019
Екі бірдей ағылшын ұстазынан құрт ауруының ашық түрі бірнеше күн бұрын анықталған болатын. Оның бірі №80 мектептің бастауыш сынып оқушыларына сабақ берсе, екіншісі №33 пен 44-ші балабақшаның бүлдіршіндеріне қатар шет тілін үйреткен. Қазір екеуі де тубдиспансерге жатқызылып, ем қабылдап жатыр. Ал, жайсыз жаңалықты естіген ата-аналар ұл-қыздарының денсаулығына алаңдаулы. Дегенмен, 500-ге жуық бала тәрбиелініп жатқан екі балабақша карантинге жабылмайды. Тек, ауқымды дезинфекция жүргізілуде. Ал, білім ошақтарының басшылары ұстаздардың қалайша туберкулезге шалдыққанын түсінбей отыр. Өйткені, педагогтар соңғы рет флюрографияға түсіп, медициналық тексеруден өткенде барлығы дұрыс болыпты.
Сәдуәқас Байғабылов, Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:
- Туберкулезге шалдыққан ұстаздар медициналық кітапшаны сатып алған болуы да мүмкін. Мұның барлығын тексеріп, анықтаймыз. Ал, ата-аналар балалары үшін алаңдамаса болады. Өйткені, ұл-қыздарға ауруға қарсы екпе егілгендіктен оларға жұқпайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!