Көктайғақ алматылық жүргізушілерді әбігерге салуда
Қыс емес көктем! Бүгін Алматыда жаңбыр аралас қар жауып, соңы көктайғаққа ұласты. Қаладағы қозғалыс қиындады. Ақылы «Алматы-Қапшағай» тас жолында жүздеген жүргізуші діттеген жеріне жете алмай, көк мұзда жол апаты көбейді.
Автор: Әсем Қабылбек
31.01.2019
Бұл «Алматы-Қапшағай» тас жолындағы бүгінгі көрініс. Көлік түгілі адам әрең жүретін жолда КамАЗ-ды тізгіндеген жүргізуші алдымен микроавтобусты соғып, көлігін тоқтата алмай сырғанап жолындағыны жайпап өтті. Абырой болғанда адамдар дін аман.
Дегенмен көктайғақта ауыр техниканың сырғуы көптің жүрегін ұшырғаны рас. Көк мұзда жолға шыққандар не кері қайта алмай дал. Ақылы жолдың бойында таңнан бастап қаңтарылған көліктер түс ауа орнын жылжыды.
- Жол деген тайғақ бәрі. Авария болып жатыр. Міне мына Жетіген мостынан ары қарай 3 машина жатыр. Быт-шыт болып жатыр.
Абайсызда бірнеше көлікке соқтығысқандардың бірі Сергей Синюгин. Бетон төселген жолда көлік тізгініне ие бола алмай, бір бағытта келе жатқан 4 автокөлік бір-біріне ұрылған.
Сергей Синюгин, көлік жүргізушісі:
- Осы жерден бастап рульге ие бола алмаған жүргізуші бізді итеріп әкетті. Соңында анау бағанаға барып тірелдік. Көліктің айнасы сынды. Қазір мұз еріді, таңертең бетон беті жылтырап жатыр еді.
Қаңтар айында жауған жаңбыр қала ішіндегі тұрғындарды да әбіргерге салды. Әсіресе, жаяу жүретіндерге қиын. Жолдың беті көкмұз, коммуналдық қызметтің жұмысшылары кей жерлерге тұз сеуіп үлгерген. Алайда оның көмегі шамалы. Ала жаздай жөндеу жасалған төсеніштер қисайып, беті сырғанаққа айналған.
Едіге Қайымов, қала тұрғыны:
- Қаңтарда күн не мұндай жаңбыр болмау керек еді ғой. Көктемде қалай болатынын? Енді кешке қарай көктайғақ болады ғой. Абайлап жүрмесе талай адамдар құлап жатыр.
Көкмұзда мертігіп дәрігердің көмегіне жүгінгендер де жетерлік. Қалалық коммуналдық қызмет өкілдері ауа райының күрт өзгеріп, жаңбырдың сіркіреуінен соң жолдарға құм мен тұз себуге кіріскен. Қала бойынша қарды тазалап, құм себу жұмыстарына 13 кәсіпорын жұмылдырылмақ. Барлығы 1000-нан аса техника дайын дейді жауапты мамандар.
Александр Сергеев, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану, реттеу басқармасының бас маманы:
- Таңнан бері тек негізгі жолдарға басымдық бердік. Жаңбырдан соң арты қарға ұласып оның биіктігі 5 сантиметрден асса қайтадан құм мен тұз себіледі. Тұрғындардың ауласына дейін тазалап, көмектесуге дайынбыз.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты коммуналдық мекеме өкілдері кей жерлерде құм мен тұз себуге үлгермей жатқандарын айтады. Cебебі, қар мен жаңбыр алмасуда. Сондықтан жаңбырдың соңы қарға ұласса, жүргізушілерге көліктерін жол бойында қалдырмауды сұрап отыр. Жолдарды көкмұздан тазалау жұмыстары таңға дейін жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!