«Брат или брак-2» көрерменге жол тартты
«Брат или брак» фильмінің екінші бөлімі елдің барлық кинотеатрларынан көрерменге жол тартты. Комедияның алғашқы бөлімі осыдан екі жыл бұрын үлкен қошеметке ие болып, ең көп көрілген туындылардың тізіміне кірген.
Автор: Асқарбек Қазанғап
01.02.2019
Фильмнің әлқиссасы басты кейіпкер Гауһардың жүкті болғанынан басталады. Бастапқыда оның ағаларымен тіл табыса алмай, тар жол тайғақ кешуде талай теперіш көрген жары Айдардың бұл жолы айы оңынан туып, қайынағаларымен татуласқан. Фильмнің бас продюсері әрі бас кейіпкері Құралай Анарбекова жүкті келіншектің рөлін сомдау оңайға соқпағанын айтады.
Құралай Анарбекова, фильмнің бас продюсері:
- Көптеген кітаптар оқыдым. Жүкті келіншектермен сөйлестім. Видеолар көрдім. Әрине, ол жүкті болмағаннан кейін маған қиынырақ болды. Басында ұялдым. Группадан да ұялдым. Одан кейін үйреніп кеттім.
Айдардың рөлін сомдаған Дәурен Серғазин Кувад синдромына шалдығады. Яғни, жүкті әйелдің күйін кешетін дерт оны дендейді. Осылайша, комедияның шытырман оқиғасы өзіңің ерекшелігімен көрерменді баурайды. Актерлік құрам Тәуекел Мүслім, Әбунасыр Серіков секілді кіл танымалдардан жасақталған.
Әбунасыр Серіков, актер:
- Өмірде жылата салу оңай. Ал, күлдіру қиын. Сондықтан да тағы да айтам: өздеріңіз көріп сол кезде бағасын айтады.
Брат или брак 2 фильмі бүгіннен бастап елдің барлық кинотеатрында көрсетіліп жатыр. Тұшымды әзіл мен көңілді көтерер комедиялық туындыны тамашалаудан қапы қалмаңыз!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!