IT-стартап жобалар бір арнаға тоғысады
IT-стартаперлік жобалар бір арнаға тоғысады. Алматыда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің премьер-министрлері бас қосты. Дәстүрлі форумда Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Арменияның технопарктері арасында меморандумға қол қойылды. Енді төрт мемлекет технологиялық кеңістіктерін кеңейту үшін бір-бірінің озық тәжірибелерін қолданбақ.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
01.02.2019
Үкімет басшыларынан бөлек, ірі IT компаниялардың құрылтайшылары, халықаралық сарапшылар мен кәсіпкерлер форумға арнайы келіпті. Жан-жақтан жиналған қонақтар иновациялық экожүйені талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Үкімет басшылары өз елдеріндегі заманауи технологияның дамуын жіпке тізді. Сондай-ақ, озық технологияға серпін беріп, ІТ жобалармен жұмыла жұмыс істеу керектігін қадап айтты. Алқалы жиын Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысымен жалғасты. Бір оқпен екі қоян атқан премьер-министрлер маңызды құжаттарға қол қоюы тиіс. Мәселен, Еуразия елдеріндегі сауда-саттыққа жаңа серпін беріп, бір жолға қойылмақ. Кеден одағындағы баж салығын төмендету мәселесі де сөз етіледі.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Елімізде цифрлық технология жақсы дамып жатыр. Осы орайда, жақында ашылған технопарк Аstana Hub туралы ерекше айтқым келеді. Бұл орталықта стартаперлер тың идеяларын жүзеге асырады. Қыркүйекте Хабтың жанынан жаңа IT-университет іске қосылады. Айта кетейік, өзге елдің жас ғалымдары Қазақстанға көшіп келуіне болады. Олар үшін барлық жағдай жасаймыз. Үкіметаралық кеңестің отырысында да Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге ортақ маңызды мәселелер шешіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!