Көкшетауда Қазақстан азаматтығын ала алмай қиналған оралман полицейлерді сотқа берді
Азаматтық алудың азабы! 32 жастағы Сайфулла Салтанатұлы Қазақстан азаматтығын алу жолында 16 жыл сандалтып қойған Ақмола облыстық полиция департаменті мен прокуратурасын сотқа берді. Осынша жыл сергелдеңге түскен оның төлқұжатсыз үйден аттап шығуы қиындап кетіпті. Денсаулығы да сыр берген. Көзі нашар көретіндіктен 2-ші топтағы мүгедек. Енді осы көрген қияметім үшін құзырлы органдар заң алдында жауап берсін дейді Монғолиядан 27 жыл бұрын келген қандасымыз.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
01.02.2019
Сайфулла Монғолиядан ата жұртқа оралғанда небәрі 5 жаста болған. Көші-қон Заңы бойынша 2001-ші жылы оның анасы Бәтирамен бірге кәмелетке толмаған ұл мен қызы да автоматты түрде Қазақстан азаматы атануға тиіс екен. Алайда, Сайфулла төлқұжат алар жасқа толғанда осы сергелдең басталған.
Сайфулла Салтанатұлы, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-16 жаста көші-қон полициясына барғанда сен Монғолия азаматысың Монғолиядан барып қазақ деген справка алып кел. Азаматтық жоқ паспорт алып кел деп Монғолияға жібереді. Монғолияға барсаң, сен Қазақстан азаматысың, сенің бізге қатысың жоқ деп қайтарады. Лицо без гражданство деген паспортпен жүрдім. Одан көп қиындықтар туады.
Анасы көшеге құжатсыз шыға алмай қалған баласына көмектесу үшін несие алып, 3 рет Монғолияға да барып келген. Онымен іс бітпей көші-қон полициясына өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдеумен келген. Сөйтіп, жүріп, көз жанары суалып, денсаулығы қиындаған Сайфулла ем-дом да ала алмады дейді атасы.
Шаяхмет Бұрханұлы, атасы:
-Қазір біз миграция мен прокуратураны сотқа беріп отырмыз. Миграционная полиция Президенттің Указымен бұл Қазақстанның азаматы екенін біле тұра, мынаның шешесі азаматтық алғанда 16-ға толмаған екі баласы жазулы тұрғанын, соны қарауға білімі де, сауаты да совесті де жетпеген. Нағыз мазақ еткен.
Сайфулла құжатсыз-ақ үйленіп балалы-шағалы болған. Қазір 3 ұлы бар екен. Бір айта кететін жайт, неке туралы куәлікте есімі Сайфулла деп емес, әкесінің атымен Салтанат деп жазылған. Атасын келініне қосып қойғандары ыңғайсыз болды дейді ол. Әйтеуір, балаларының туу туралы куәлігіне Салтанатұлы Сайфулла деп жазылыпты.
Сайфулла 16 жылдық сергелдеңнен соң, өткен желтоқсан айында ғана арман еткен төлқұжатын қолына алған. Енді 2-ші топтағы мүгедек денсаулығымен айналыспақ. Алдымен құзырлы органдар жіберген қателігі үшін жауап берсін деп отыр. Ал департаменттегілер бұлай болғанына Сайфулла Салтанатұлының өзі кінәлі дейді.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-2001 жылы Сайфулла Салтанатұлы анасымен бірге Қазақстан азаматы деген мәртебе алған. Содан кейін 2007 жылы ол көші-қон полициясына Монғолия азаматы деген төлқұжат көрсеткен. Осылай екі елдің азаматтығын алмастырып жүргенде уақыт өткізіп алған болуы керек.
Сайфулла көші-қон полициясына төлқұжат емес, елшілік берген Монғолия азаматы емес деген құжат көрсеткенін айтып азар да безер. Енді бұл түсінбеушіліктің соңына нүкте қоятын сот. Қазір облыстық полиция мен прокуратураны сотқа берген Сайфулланың арыз-шағымы қарала бастады. Ол моральдық шығын өндіріп алуға бекінген. Ал шығынды 32 миллион теңгеге бағалап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!